Шу-Отар тасымалдау бөлімінің қауіпсіздік жөніндегі ревизоры өз үйінде асылып өлді
Марқұмның жақындары оның мұндай қадамға баруына полиция қызметкерлері кінәлі дейді. Сондай-ақ, 34 жастағы азамат өлерінің алдында хат жазып қалдырыпты.
Автор: Руслан Әбдіхалық
10.05.2018
Марқұмның хат жазып қалдырғаны рас. Жайдар Дайрабаев құзырлы орын айыптаған қылмысқа өзінің еш қатысы жоқ екенін айтыпты. Және ол ұрлықты Асылбек есімді жедел уәкіл жасады деген. Мынау сол қызыл сиямен жазылған қоштасу хаты. Мұнда Дайрабаев әйелі, балалары және туған-туыстарынан кешірім сұраған.
Гүлбану Арпабекова, Ж.Дайрабаевтың әйелі:
-Бану кешір мені. Мен шаршадым бұл өтірік өмірден. Мен кеткен соң қыз бен баланы өсіріп, жоқтатпашы мені. Бауырларымнан айырмашы оларды, мен сені сүйемін өмірбақи. Ал, қош бол, жаным Бану.
Гүлбану Арпабекованың айтуы бойынша, бұл қайғылы жағдайға ақпан айында теміржолда болған апаттың тікелей қатысы бар. Сол аударылған жүк пойызының 10-ға жуық вагонның доңғалақтары жоғалған екен.
Қыруар қаржы тұратын темір- терсектің ұрлануына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ оның нәтижесі белгісіз. Ал енді арада екі ай өткенде Астанадан жедел уәкілдер келіп, Жайдарды 4 сағат бойы ауыл шетіне шығарып, қыспаққа алған. Гүлбанудың айтуынша, олар күйеуіне қылмысты мойныңа ал немесе 4 млн теңге тауып бер деген көрінеді. Оған шыдамаған 34 жастағы азамат ертесіне қорасында асылып қалады. Бірақ өзіне қол салмас бұрын әйеліне басынан өткен жайтты айтып кеткен.
Гүлбану Арпабекова, Ж.Дайрабаевтың әйелі:
- Полицейлердің өздері құртып, енді кінәлі адам таппай маған жауып жатыр деп айтқан. Қорқытып, ақшасын айтқан. Прокуратура бізге рұқсат берсе, бір-екі күнде шақырып аламыз, қаматамыз деген. Қорқытқан ғой ,баппен.
Өз-өзіне қол салған азамат, жер қойнына тапсырылды. Оның артында екі баласы мен жары қалды. Қара жамылған отбасы бұл істі жай қалдырмақ емес. Олар прокуратураға арыз түсіріп, кінәлілерді жауапқа тартқызбақ.
Ал Астанадан арнайы келген жедел уәкілдердің толық аты-жөндері мен нақты қай жерде қызмет ететіні де белгісіз.
Шу аудандың желілік полиция бөліміндегілер қайғылы оқиғадан хабары болғанымен, оларды танымаймыз дейді. Жұмбақ жедел уәкілдерді анықтауға біз де тырысып жатырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!