Алматы метросында мертіккен құрылысшы бастықтарының бассыздығына наразы
Техникалық қауіпсіздік сақталмаған! Метро құрылысы барысында 15 метр биіктіктен құлаған жұмысшы осылай деп дабыл қағуда. Жарты айдан бері ауруханада жатқан құрылысшы оқиғадан кейін ешкімге керексіз болып қалдым деп ашынады. Апат 26 сәуірде «Мәскеу» мен «Сарыарқа» бекетінің арасындағы метро құрылысында орын алыпты. Эксковатор көтергішіне бекітілген тақтайша істен шығып, салдарынан үш жұмысшы құлаған. Мекеме басшылығы болса тексеріс бітпей ештеңе айта алмаймыз дегеннен әріге аспай отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
10.05.2018
Метродағы құрылыстан зардап шеккен Алияр Баймахамбетовтың аурухана төсегінде жатқанына екі аптадан асты. Қазіргі жағдайы қалыпты. 15 жыл метрода еңбек еткен Алияр басшылық хал-ахуалымды сұрауға жарамады деп ашынады. Айтуынша, метрода оқыс оқиғалар жиі болғанымен, жауаптылар жылы жабуға тырысады екен.
Алияр Байбағамбетов, жұмысшы:
- Учаске бастығы Дастан деген жігіт бар. Соған айғайлап ат айттым. Мал әкеп тастадың ба деп? Бір адамнан хабар жоқ. Мұндай жағдай жиі болады.
Төтенше жағдай 26 сәуір таңғы сағат 7-де орын алған. «Мәскеу» мен «Сарыарқа» метро бекеттерінің арасындағы тунелде Алиярмен екі жұмысшы эксковатордың көтергішіне бекітілген тақтайшамен 15 метр биіктікке көтеріледі. Кенет тақтайша аударылып, жұмысшылар жерге құлаған.
Әсіресе, шойынның үстіне түскен Алияр ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, оған шұғыл түрде ота жасалған. Қалған екі жұмысшы жеңіл жарақаттар алып, үйлеріне қайтыпты.
Асқар Өтетілеуов, Хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі:
- Бүйректің төменгі жағында кішкентай жарық болды. Ол тігілді. Сол жақ бүйректің майда қан тамырлары зақымдалған. Олар да тігілді. Операциядан кейін халі жақсы.
Әзірге оқиғаның нақты себебі белгісіз. Метроның құрылысына жауапты мекеме тексеру жұмыстарын енді бастаған көрінеді. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады деген олар жұмысшылар назардан тыс қалмайды деп ағынан жарылды.
Осылайша, компания оқиғадан жарақат алған жұмысшылардың шығынын өтейміз деп отыр. Ал, жарты айдан бері басшыны да қосшыны да көрмеген Алияр шығынымды өтеп бермесе, Астанаға дейін арызданбақ. Ал, оқыс оқиғадан кейін метродағы жұмысына қайта оралуы неғайбыл.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!