Ақтөбеде танымал тележүргізуші көз жұмған лифтіден қандай ақау кеткені белгілі болды
Ақтөбеде жеделсатыға жаншылып өлген тележүргізушінің өліміне қатысты тексеру жүргізген сарапшылар техникалық бақылаудың нәтижесін жариялады. 28 жастағы Айзат Әбдісамат кірмек болған лифтінің автоматтандырылған қондырығысы істемей қалған. Соның кесірінен шахтаның есігі жабылмастан лифті қозғалып кетіпті. Жеделсаты мен шахта қабырғасының арасына кептетіліп қалған келіншек сол жерде мерт болған. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Сондықтан кімнің жауапқа тартылатыны әзірге белгісіз.
Автор: Жаңалық Ахаш
10.05.2018
Ақтөбелік тележүргізуші қаза тапқан лифтінің техникалық жағдайын сарапшылар бір ай бойы тексерген. Қазір есігі әлі ашық тұр. Құр тақтаймен тіреп қойыпты. Техникалық сараптамада лифтінің автоматтандырылған жүйесі істемей қалғаны жазылған.
- Адам өлімі болған лифт сол күйі, міне, әлі тұр. Тексеру жүргізген сарапшылар жеделсатының әу бастан дұрыс жұмыс істемегенін айтады. Жоғары-төмен қозғалған кезде есігі дұрыс жабылмайтын болған.
Енді бұған кімнің жауап беретіні әзірге белгісіз. Пәтер иелері кооперативінің басшысы жеделсаты сонда тұратындар меншігінде деп басын алып қашады. Ал лифтінің кем-кетігін жөндеп отыратын механик тұрақтамайды. Бір жарым жыл ішінде үш маман ауысқан. Енді олардың керегі де шамалы. Өйткені сол үйдегі төрт лифтіні жаңасына ауыстырмайынша пайдалануға берілмейді.
Қайсар Сабыров, «Жаңабек сервис» ПИК төрағасының көмекшісі:
- Біздің қолымызға қағаз да ештеңе берген жоқ. Не себептен болды? Қортындысы айтылған жоқ. Қолданбай-ақ қойыңдар деді. Сол себепті бүгін-ертең жиналыс болады.
Қайғылы оқиғаға болмағанда қаладағы лифтілердің жағдайына ешкім бас қатырмас еді. Өйткені оны тексеретін құзырлы мекеме атымен жоқ. Тек 28 жастағы келіншек жеделсаты арасына жаншылып өлген соң ғана комиссия құрылды. Ондағылар қаншама жыл бойы жөндеу көрмей, алқам-салқамы шыққан лифтілердің Ақтөбеде жетіп артылатынын айтады. Қазір 150-дей жеделсаты жұмысын тоқтатса, 22-сі қолдануға мүлдем жарамайды.
Хайдар Ермашов, Ақтөбе қалалық тұрғынүй инспекциясының басшысы:
-Жүруге жарамсыз және оның ішінде қолдану мерзімі аяқталған. Әрі қарай ол лифтіні қолдануға болмайды. 149 лифті тоқтап тұр.
Ақтөбедегі жарамсыз жеделсатыларды жаңалау үшін екі миллиард теңге керек. Енді әкімдік оны республикалық бюджеттен сұрап отыр. Термомодернизация арқылы ескі лифтілерді ауыстырып, қазынаның қаржысын тұрғындардан жинап жабатындарын айтады. Ал халықтың бұған көнуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!