Мәскеуде ұсталған Жомарт Ертаев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін
Атышулы Қашқын банкирдің Ресейде қамауға алынуына байланысты Ішкі істер министрлігі бүгін мәлімдеме жасады. Тергеу мәліметтеріне қарағанда қулығына құрық бойламайтын Ертаевқа алаяқтық жасап, 80 миллион долларды қалтаға басты деген айып тағылған. Бүған дейін де халықаралық іздеуде болған бизнесмен екі күн бұрын Мәскеуде қолға түскен еді.
Автор: Досжан Маратұлы
10.05.2018
Әзірге Ішкі істер министрлігі банкирдің не үшін ұсталғанын ғана айтты.
Айтуларынша, Ертаев соңғы жұмыс орнының бірі - «RBK банкінде» лауазымды қызметте істегенде құйтұрқы жолмен миллиондарды ұрлаған болып шықты. Яғни, жеке фирмаларға лобби жасап, несие алып берген. Артынша көрсеткен қызметі үшін сол ақшаның бір бөлігін қалтаға басып отырыпты.
- Жомарт Ертаев " RBK Bank"-інің төраға кеңесшісі қызметін атқарғанда алаяқтық жасаған. Яғни, жалған серіктестіктерге 80 миллион доллар көлемінде қайтарымсыз несие алып беруге көмектескен.
Олигарх интерполдың өтінішімен екі күн бұрын Мәскеудің дәл ортасында ұсталған болатын. Міне мына видеода Ресейдің арнайы жасағы жолды жауып, Ертаев мінген көлікті тоқтатып, қолына кісен салған. Бірақ, банкирдің қымбат джип мініп, емін-еркін жүргеніне қарап, қашып жүрген адам деп айту қиын. Қазір ол сол жақта тергеу изоляторында. Әрі атышулы Ертаевпен бірге оның көмекшісі, сенімді серігі Андрей Третьяковтың да ұсталғаны айтылған. Бірақ, бұл ақпаратты Третьяковтың өзі жоққа шығарды.
Әзірге нақты қашан Қазақстанға жеткізілетіні белгісіз. Бұл мәселе қазір шешіліп жатыр. Жалпы, қулығына құрық бойламайтын Ертаевтың басы алғаш рет дауға қалып жатқан жоқ. Осыдан 9 жыл бұрын «Альянс банктің» 1 миллиард доллардан астам қаржысын жымқырып, ұрланған ақша көлемі бойынша рекорд орнатқаны белгілі. Бірақ, банкир осы қылмысы үшін түрмеде ұзақ отырған жоқ. Небары 9 айдан кейін жазасы жеңілдеп бостандыққа шықты.
Кейін ірі телевизиялық кабельді жүйе «Алматв» мен Еуразия қаржы консалтингін басқарған, Еуразия банкінде топ-менеджер болды. Осында банкті жарнамалау үшін қара пиар жасап, елдің күлкісіне қалғаны да есте. Әрі өзін нағыз патриот екенін, Қазақстанды ешқашан тастап кетпейтінін айтып ағынан жарылған.
Жомарт Ертаев:
-Мои друзья в кавычках очень желают, чтобы я покинул Казахстан, нет, этого не будет. Я люблю свою страну, я буду жить здесь.
Қашқын банкир ірі көлемдегі алаяқтығы үшін 10 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін. Бірақ, тергеушілер біраз қиналайын деп тұр. Өйткені, экономикалық сауаты болмаса әккі каржыгердің былығын толығымен ашу онай емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!