Алматыда өртке оранған үй тұрғындары пәтерлеріне кіре алмай жүр
Алматыда өртке оранған үй тұрғындары пәтерлеріне кіре алмай жүр
Автор: Мақсат Мәлік
11.05.2018
Айтпай келген апатқа бір айдан асса да, әзірге тұрғын үйдің шатыры жабылып, сыртқы әрлеу жұмыстары ғана жүріп жатыр. Мұның өзіне 100 миллион теңгеден астам қаражат керек екен. Тіпті, шыдамы таусылған кейбір отбасылар, баспанасын өз бетімен жөндеуге көшіпті. Ал, жергілікті билік бар шаруаны жақын арада реттейміз дегенмен, өрттің толық себебі анықталмауы көп іске кедергі келтіріп тұрғанын айтады.
Алматылық Жандос Әбілғазин өртке оранған пәтерін өз бетімен тазартуға кіріскен жандардың бірі. Себебі, алапат апатқа бір айдан асса да, қызыл жалыннан зардап шеккен баспаналарға ешкімнің қол ұшы тимеген.
Жандос Әбілғазин, Алматы қаласының тұрғыны:
-Алғашында Жетісу ауданы әкімінің орынбасары келді. Енді еркек қой, уәдесін беріп кетті істеп береміз деп. Сол еркек еркекше айтқасын, сеніп, күтіп жүрміз.
Әзірге өрт шарпыған көпқабатты тұрғын үйдің шатыры жабылып, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып жатыр. Ал, шаруаның басы-қасында жүрген құрылысшылар, әкімдік мойнына алған іске жұрттың күмәнмен қарайтынын жасырмады. «Көкжиек» ықшамауданындағы көпқабатты үй сәуірдің 5-де отқа оранған еді. Мансард үлгісіндегі 6-шы қабат түгелдей өртеніп, тұрғындар ұлардай шулап қалғаны бар. Ал, қазір далада қалған 8 отбасыға уақытша пәтер жалдап бердік деген жергілікті билік, сыртқы жұмыстардың өзіне қомақты қаражат керектігін айтады.
Ернат Бәзіл, Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:
-Қазіргі мөлшер бойынша, 100-108 миллион теңге көлемінде керек. Тек шатыры мен қарсы бетін жөндеуге осындай қаражат керек.
Алайда, тұрғындарға өтемақының қашан төленетіні белгісіз. Себебі, өрттің неден шыққанын анықтайтын сарапатама әлі аяқталмаған. Ал, әкімдік өкілдері электр желісінің қысқа тұйықталуы деген алғашқы болжамды жоққа шығарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!