Семейде саз кешкен жұрт шу шығарды
Семейде толарсақтан саз кешкен тұрғындар наразылық білдірді. Көне кентте тұратын жұрттың айтуынша, көшелері 30 жылдан бері жөңдеу көрмепті. Соның салдарынан жаңбыр жауған күндері көлік тұрмақ жаяу адамның жүруі мүмкін емес дейді олар. Енді мұнда қатынайтын жалғыз қоғамдық көліктің өзі осы жолдың нашарлығынан адам тасымалынан бас тартпақ. Ал шенеуніктер автобус бағытының уақытша ғана өзгергенін айтуда. Тіпті олар жолға да жөңдеу жұмыстарын жүргіземіз деп ақталды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
11.05.2018
Мұндай күндері жұрт аяғынан резеңке етігін тастамайды. Өйткені көшелер ми батпаққа айналған. Оның үстіне сазды аймақтың жерасты суы көтерілсе жолдары көлік тұрмақ, адамның салмағын көтере алмай опырылып қалады. Соның кесірінен басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарға жедел жәрдем қызметі келуден бас тартады екен.
Бағдат Омарова, Семей қаласының тұрғыны:
-Балалар, мүгедектер мүлдем жүре алмайды. Жаңбыр жауса жағдай қиын. Жедел жәрдем тоқтап қалады. Үлкен кісілер оны шақырта да алмайды.
Осы жолдың нашарлығынан тұрғындар қысқа қажетті отын-суын да жаздың күндері қамдай алмайтын көрінеді. Олардың айтуынша, ауыр жүк көліктері діттеген жеріне жетпей қалады екен. Сондықтан жұрт жер қатқанша, дірдектеп отырамыз деп ашулы. Мұнда қатынап жүрген жалғыз қоғамдық көлікті де иелері енді батпақты жерге жібергісі жоқ.
Гүлмира Қарақұсова, Семей қаласының тұрғыны:
-Қалада оқитын балалар бар. Өзімізде жұмыс істейміз. Мысалы, менің жұмысым сол жағалауда. Маған №32 қоғамдық көлік ауадай қажет. Мұндағылардың бәрі сонымен қатынайды. Бәрімізде салық төлейміз ғой. Бізден жалғыз көлікті алса қалай жұмысқа жетеміз, қалай жүреміз?
Ал бұл жолдың жырын жырлаған тұрғындар талай табалдырықты тоздырған екен. Әйтсе де, олар өздеріне қолұшын созатын жергілікті биліктен бірде-бір атқамінер табалмағанына қапалы. Тіпті, шенеуніктерден қағаз жүзінде де мардымды жауап ала алмадық дейді. Дегенмен, жауапты мамандар жолға ағымдағы жөңдеу жұмыстары жүргізілетінін айтады.
Назым Жанболатова, Семей қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Жуық арада ол жерде гридировка жүргізіледі. Және ұсақ тастар төгіледі. Жалпы алғанда кейінрек, асфальт төсеу қаралуы мүмкін. Жоспарда ол бар.
-Ал мамандар мұнда қатынайтын жалғыз №32 қоғамдық көліктің саз батпақтың кесірінен бағытын өзгерткенін жасырмады. Бірақ бұл уақытша деп отыр. Себебі, жерасты су қайтқаннан кейін автобус өз бағытын жалғастыруы тиіс. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ дейді
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!