Оралда қайын жұртының ойранын шығарған қандықол күйеу балаға қатысты жаңа мәліметтер шықты
Қандықол еркек қайын жұртының ойранын шығарды. Орал тұрғыны ата-енесіне өз пәтерлерінде қарулы шабуыл жасаған. Жаңбырша жауған бытырадан егде жастағы әйел сол жерде тіл тартпай кетіпті. Ал, оның зайыбы күйеу баласы қылған қастандықтан соң, өмір үшін арпалысып жатыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
11.05.2018
Кеше кешкілік қанға боялған үй осы. Аңшылық мылтығын асынған қонақ сегізінші қабаттағы пәтерге келген. Кіре сала, оқ жаудыра жөнеліпті. Алдымен егде жастағы әйелді көздейді. Кейін оның жолдасына шабуылдаған. Оққа ұшқандардың қызы мен жиен немересі де сол кезде іште болыпты.
Нәдия Дәулетшина:
-Әкем бізге «Тығылыңдар» деп айқайлап үлгерді. Оның ішектері үрленіп, қарны қампайып кеткен. Мен не істерімді білмей, абдырап қалдым. Ұлым екеуміз дәретханаға жасырындық. Кейін есікті ашып қарағанда, әкемнің жерде жатқанын көрдім.
Сөйтсе, мылтық атып жүрген осы келіншектің күйеуі болып шықты. Екеуі заң жүзінде ажыраспағанымен, көптен бері бөлек тұрған. Тек кейде арадағы бала үшін тілдескендерін айтады. Күдікті өткен айда да ұлын анасына 3 апта бойы бермей әуреге салған. Міне, енді жағдай осылай өрбіп отыр. Әбден шошынып қалған көрші-көлем ол жалғыз болған жоқ дейді.
Рашида Мұхамедқалиева:
- Олар күні бойы аңдып жүрген. Иелерінің пәтерге келуін күткен ғой. Кешке қайын атасы ішке кірген бойда, іске кіріскен. Яғни, ол жоғарыға көтерілген соң бірден есіктің қоңырауы шылдырлапты.
Оқиға орнына сақшы мен жедел жәрдем шақыртылған. Бірақ, қарулы шабуылға тап болған әйел олар келмей тұрып қаза тапты. Күйеу баласы жасаған жауыздықтан соң, оның зайыбы да өлім аузында жатыр.
Айнагүл Сақбосынова, БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
-Оған оқ атылып, ішінен жарақат алған. Және ішегінен көптеген жарақаттары бар. Түнде 6 сағат бойы ота жасалған кісіге. Қазір өздігінен демалады. Бірақ, жағдайы ауыр болып саналады.
Жасы 40-қа жуықтаған Рустам Әбдірахмановты мұндай қатыгездікке нақты не итермелегені белгісіз. Қазір қанды қылмысқа қатысты тергеу жүргізілуде. Ал, құзырлы орындар мән-жайды айтудан түбегейлі бас тартты. Бір анығы, қайын жұртын ойрандап, із суытқан күдікті жарты сағатқа жетпей ұсталған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!