Астанаға Пан Ги Мун мен Француа Олланд келе жатыр
Олар 11-ші рет өтетін Астана экономикалық форумына қатысады. Олардан бөлек, әлемнің белді деген 400-ден аса сарапшысы екі күн бойы Елордада жаһандық экономиканың болашағын талқыламақ. Форум осы айдың 17-19 аралығында өтеді. Ал жиын өтетін залдарда соңғы дайындық жұмыстары әлі қызып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
14.05.2018
-Астана экономикалық форумы осы жолы тек экономика тақырыптары төңірегінде шектеліп қалмай, заманауи киберқауіпсіздік, сондай-ақ, криптовалюталардың қаржы нарығына ақпалы сынды қауіпсіздік мәселелерін кеңінен талқыламақшы. Ауқымды басқосудың басталуына небәрі үш-ақ күн қалды. Әзірге тек қатысушыларға рұқсат беретін аккредиттеу орталығы ғана жұмыс істеп тұр.
Лентасы енді қиылған аккредитация орталығынан Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов бірінші болып жиынға қатысушы ретінде рұқсат қағазын алды.Енді бірер күндікте Францияның экс-президенті Француа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Италияның бұрынғы Үкімет басшысы Романо Проди және басқа да халықаралық белді тұлғалар осы жерден бейджик алып, Дәленовпен бірге отыру бақытына кенеледі.
Болат Столяров, Астана экономикалық форумының бас продюсері:
-Біз бұл форумды о бастан әлемдік жұлдыздар форумы деп атап кеткенбіз. Келіп қатысатын 450 адамның ішінде 300-і әлемдік деңгейдегі сарапшылар. Олардың әрқайсысы өз салаларында үздік саналады.
Ал форум өтетін негізгі залдарда дайындық қыза түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экономикалық форумның қорытындылары біздің мемлекеттік жоспарлау жүйесіне аса қажет ұсыныстар береді. Мәселен, 7-20-25 бағдарламасын жасауға былтырғы форум қорытындыларының септігі тиіпті.
Бауыржан Тұрлыбеков, ҚР Ұлттық экономика министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Дүниежүзілік көптеген цифрландыру, сонымен қатар мынау криптоақша және де келе жатқан трендтерді олардың бәрін көріп, Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде олардың дамуына үлес қосуын соны талдаймыз.
Биылғы форумға жаңа табиғи қуат көзі, цифрлы әлем, болашақтың қаржы жүйесі сынды өзекті деген 11 тақырыпты таңдап алыпты. Ал отырысты ұйымдастыруға билік бел шешіп кіріскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!