Алматы облысында жайылымның жоқтығынан төрт түлік қырылып жатыр
Жұрт бұған жергілікті шенеуніктерді кінәлауда. Ақсу ауданындағы Көкөзек ауылы тұрғындарының айтуынша, маңайдағы аумақтарды әкім-қаралар оңды-солды сатып жіберген. Кесірінен енді мал ауыл арасынан сыртқа аттап баса алмауда. Жайылымның жоқтығын аудан басшылары да мойындап отыр. Бірақ олар мәселені шешуге қауқарсыз.
Автор: Әйгерім Шакаманова
14.05.2018
Ақсу ауданы Көкөзек ауылында мыңнан аса тұрғын бар. Бәрі де төрт түлікпен жан бағып отыр. Алайда жұрт қой-сиырына жайылым таппай тарығуда. Соның кесірінен мал шетінен қырылып жатыр.
Райса Қырысбекова, Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Оны қайда апарамыз? Сиырым өлді. Бұзау мөңіреп үйде қалды.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін маңайда жайылым мен шөп шабатын жер жеткілікті болған. Бірақ кейін атқамінерлерді жағалаған пысықайлар аумақтарды лезде жеке меншікке айналдырып алыпты. Енді ол жерлермен мал түгілі, адам жүргізбейді екен. Десе де, көктем шыққалы жер иелерінің бірі өз аумағы бойынша жұртқа мал айдауға рұқсат берген. Қазір мына жалғыз аяқ жолмен бір табын мал күнде таңертең және кешке зорға өтіп жүр. Бақташылар болса, қой-ешкілерің қатарланған саппен жүре алмайды деп, мал иелеріне күнде қақсайды екен.
Бақытжан Әділханов, Көкөзек ауылының тұрғыны:
- Малдың аты мал. Төрт аяқты мал ана жерге түседі, жайылады. Ана малшы малды айдап келгенде астындағы атын өзі сүйемелдеп келеді. Малдың да өзінің де, атаның да тілі салақтап. Мынамен мал айдауға бола ма?Мүмкін бе?
Ал жергілікті атқамінерлер маңайда жайылымның жоқтығын мойындап отыр. Бірақ бұл мәселе жақын арада шешілмейді дейді. Айтуларынша, жағдай жайылымға қатысты жаңа заң қабылданған кезде ғана өзгеруі мүмкін.
Болат Шәріпов, Жансүгіров ауылдық аймағының әкімі:
- Жалғыз 108 гектар емес, мына Биаділов алған 49 жылға жалға алған, жолдың шеттері бар, осы ауылдың жан-жақтағы шеттері бәрін халыққа береміз.
Ал жұрт жайылым аумақтарының жеке меншікке заңды жолмен берілгеніне күмәнданады. Сондықтан арыз-шағымдарын жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроға жолдады. Енді аталмыш орган өкілдерінің бұл іске араласуын сұрап отыр. Әйтпесе, ауылдықтардың биыл мүлдем малсыз қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!