Сирия келіссөзіне АҚШ-тың неге қатыспағаны сол күйі беймәлім боп қалды
Америка делегациясы Елордаға келмей қалды. Ал Астана процессінің 9-шы раунды екі күнге жалғасады. Яғни, қатысушылар бүгін және ертең Сириядағы соғысты тоқтату бойынша өзара кеңеседі.
Автор: Жәудір Оразхан
14.05.2018
Ресми Вашингтон мұндай тосын әрекетін әзірге түсіндірген жоқ. Тіпті бақылаушы ретінде тұрақты қатысып жүрген Қазақстандағы елшілері Джордж Кролды да жібермеген. Ал бұған дейін Ақ үйдің Иран келісімінен шыққанын ескерсек, дәл осындай жағдай Сирия мәселесіне қатысты қайталануы мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Оның үстіне бір ай бұрын АҚШ бастаған, Ұлыбритания мен Франция қостаған одақтастар Сирияға соққы берген болатын. Дегенмен АҚШ делегациясының бүгінгі келіссөзге келмей қалуына бұл жағдайдың қатысы бары-жоғы белгісіз. Ал Астана процесінің 9-шы раундына бақылаушы ретінде БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша өкілі Стаффан де Мистура бастаған топ пен Иордания делегациясы келген. Кепіл беруші елдер – Ресей,Түркия, Иран мен Сирия үкіметі қатысуда. Ертеңгі жалпы отырысқа қарулы оппозиция да қосылуы тиіс. Негізі, бүгін кепіл беруші елдер екіжақты кездесулер өткізеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!