Шымкентте әйелін университет қабырғасында пышақтап өлтірген экс-прокурор қамауға алынды
Шымкентте өз әйелін университет қабырғасында пышақтап өлтірді деген күдікпен прокуратураның бұрынғы қызметкері ұсталды. Келіншегінің жұмыс орнына келген 41 жастағы Қанат Исақұлы әуелі жанжал шығарып, артынша жұбайын бірнеше рет пышақпен ұрған.
Автор: Бек Әбиев
14.05.2018
Оқиға қаладағы ең ірі –Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде болған. Деканатта іс жүргізуші болып қызмет істейтін келіншектің сол күні туған күні болыпты. Әдеттегідей жұмыс істеп жүрген кезінде ашуға булығып келген күйеуі дәлізде қосағына 5 мәрте пышақпен соққы жасаған. 41 жастағы әйел есін жимастан ауруханаға барар жолда көз жұмды. Марқұмның артында кәмелет жасына толмаған баласы қалды. Оқу орнының өкілдері болған оқиға бойынша тіс жармайды. Ал, бұрын Шымкенттегі Абай аудандық прокуратурасында қызмет істеп, кейін Түркістан қаласында прокурордың көмекшісі болған қаскөй бірден қамауға алынды. Кезінде сотталушыларға айып таққан Қанат Исақұлының өзі енді 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!