Қазына қаржысын игере алмағандардың көшін Қорғаныс министрлігі бастап тұр
Бүгін Үкіметте республикалық бюджеттің жыл басынан бері қалай жұмсалып жатқаны сөз болды. Белгілі, болғандай миллиардтарды шенеуніктер қазірден дұрыс ұқсата алмай жатыр екен.
Автор: Досжан Маратұлы
15.05.2018
Жалпы, Қаржы министрлігі тек, соңғы төрт айдағы көрсеткіштерді ғана жария етті. Соған сай жыл басынан бері бюджеттен 3 триллионға жуық қыруар қаржы жұмсалған. Бірақ, кейбір әкімдік, министрлік пен өзге де мемлекеттік мекемелер сол қолда бар ақшаны дұрыс ұқсата алмай отыр. Мәселен, бүгінге дейін 86 миллиард теңге игерілмепті. Жұмсалмаған ақшаның көбі Қорғаныс министрлігіне тиесілі.
БАҚЫТ СҰЛТАНОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
-Ең ірі сомма 35 миллиард теңге Қорғаныс министрлігінде қалып отыр. Негізгі себептері әдеттегідей, келісім-шарттар мен келісімдерді ұзақ жасау, конкурс рәсімдері кеш және ұзақ жасау.
Үкіметте қазына қаржысынан бөлек, төрт айдағы көрсеткіштер: экономика, қаржы инфляция деңгейі, өнеркәсіп, әсіресе, мұнай газ саласындағы ахуал сөз болды. Энергетика министрінің айтуынша, дәл қазір елімізде жанармай тапшылы жоқ. Сөзіне сенсек, үш мұнай өңдеу зауыты биыл 3 миллион 600 мың тонна мұнай өнімдерін шығарған. Ол экспортқа шығаруға да ішкі сұранысты қамтуға да жетті дейді Бозымбаев.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
-Жыл басынан бері мұнай өнімдері саласында жағдай тұрақты. Және тапшылық байқалмайды. Ішкі нарыққа қажетті жағар-жанармай резервінің шамамен бір айлық қоры 338 мың тонна бензин және 238 мың тонна дизель отыны құрайды.
Ал, премьер Бақытжан Сағынтаев жанармай мен көмір тапшылығын болдырмауға қатаң тапсырма берді. Әрі Қанат Бозымбаев бағаның негізсіз өсуіне де жол бермеуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!