Алматыда жолаушыға таласқан автобус жүргізушілері мен таксишілер өзара қырқысып жатыр
Таксишілер табыстан қақты! Алматыдағы екі ірі автобекет басшылығы жолдағы таксишілердің кесірінен тақырға отырдық деп шағым айтты. Жолаушыларды торуылдаған жүргізушілер бекеттен шыққан автобустағы адамдарды арзанға апарамыз , -деп өздеріне мінгізіп әкететіні автобекет басшыларына әлбетте ұнап отырған жоқ. Ал, қауіпсіздіктен бұрын, әлдеқайда арзан қызмет ұсынатын таксишілердің де өз уәждері бар.
15.05.2018
Қаладағы қай автобекетке барсаң да толып жүрген таксишілер. Жұртты күтіп алып, қызметтерін жарыса ұсынады. Жолаушыға таласта ойсырай жеңілген автобустар қазір пайданы ұмытқан. Яғни, қаптаған таксишінің кесірінен кірістері 10 есеге азайған .
Айтжан Шанашев, «Саяхат» автовокзалы директорының орынбасары:
-Жұмыс істетпейді. Тура автобустың алдынан сүйреп алып кетеді қолымен. Бұрын 400-500 рейс күніне жасағанда, енді қазір 150-200-ге түсіп бара жатыр ғой.
Өз көлігімен жолаушы таситындарды мүлдем қууды көздегендер олардың адам өміріне де үлкен қауіп төндіретінін айтады.
Сәбит Аманбаев, Алматы тасымалдаушылар қауымдастығының президенті:
-Жүргізушілері медициналық тексерістен өтпейді. Көлік те күнделікті қаралмайды. Тіпті, техникалық байқаудың өзінен өтпейді. Заңсыз таксилер сонысымен де қауіпті.
Алайда, таксишілердікі де күн көрудің қамы. Бәрі де басқа жұмыс таппағасын, осы кәсіпке келген.
-Үкімет айта береді ғой. Жұмыс тауып берсін әр адамға.
Ең қызығы, жұртты арлы-берлі еркін алып жүргендерге жауаптылардың өздері тосқауыл бола алмай отыр. Оларға бірінші болып кәсіпкерлер қауымдастығы шүйліккен. Сөйтіп жүріп бекеттерге патруль көліктерін қойдырыпты. Бірақ, заңсыз таксишілерді дәл қасында жүрген сақшылар да тәртіпке бағындыра алмаған. Көз алдарында клиенттерін жинап, кетіп жатыр. Ал, жолаушылар осы жеңіл көліктер тиімдірек екен.
-Мысалы, мен кеткім келсе автобусты кешке дейін тосып отырмаймын. Жұмысым бар, қазір осы кісімен кетемін, сол сияқты ғой. Маған осы ұнайды. Жететін жеріме ертерек жетемін. Үйіме дейін апарып береді.
Бағалары да қолжетімді көрінеді. Себебі, лицензиясыз жүргізушілердің салық төлемейтіні белгілі. Мұндай тасымалдаушылардың талай апатқа себеп болып жатқаны да жасырын емес.
- Соңғы 2 жылда заңсыз тасымалдаушылар кесірінен болған 600 жол апаты болған. Оған себеп болған жүргізушілер әкімшілік жазамен құтылады. Бұған алаңдаған кәсіпкерлер палатасы автобекеттерге жағалай камера орнату мәселесін көтерген. Бірақ, оның да тиімді болатынына күмән бар. Сондықтан, құзырлы орындар тезірек мәселенің бір шешімін тапса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!