Алматының қақ ортасындағы атақты мейрамхананың қызметкерлері шу шығарды
Ақпан айынан бері еңбек ақыларын ала алмай жүрген аспаздар, даяшылар мен бармендер жалпы саны 30 жұмысшы басшыларын таппай сабылып жүр. Қызметкерлерге жалпы соммасы 4 миллион теңге берешегі бар басшы ғимараттың жалға алу ақшасын да төлемей, ізім-ғайым жоқ болған дейді. Маңдай термен тапқан ақшаларын талап еткен жұрт бүгін жабық мейрамханаға басып кірді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.05.2018
Күндіз-түні адам үзілмейтін қаланың қақ ортасындағы атақты мейрамхананың ішінде емес, сыртында шу. Себебі, жыл басынан бері аспазы, даяшысы, бармені бар жалпы саны 30-қа жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап мейрамхана есігін торуылдап жүр. Бір апта бұрын мейрамхана жабылып тынып, ресторатордан содан бері мүлдем хабар-ошар жоқ.
Гүлвира НҰРСАЛИМОВА жұмысшы:
-Мына жердің барлығын жуып-тазаладық. Тазалатып алып, бізді қуып шықты. Не ақшамызды бермей. Маған ақша керек. Төрт баламды асырап отырмын. Күйеуім ауру-шаң.
Назгүл БЕКБОСЫНОВА жұмысшы:
-Көрмегенімізге үш-төрт ай болды. Басында келіп, сырттан бақылап кететін.Қазір мүлдем жоқ. Тіпті, Қазақстанда емес деп отыр.
Зәулім ғимаратты жалға алып, мейрамхана ашқан Азамат Шұғышев есімді кәсіпкердің жұмысшыларға деген берешегі 4 миллион теңгеге жетті дейді шағымданушылар. Наразы топтың көбісі еңбек келісім-шартына отырмаған. Себебі, ресми тіркеу туралы сөз қозғалса кәсіпкер қырық сылтауын айтып сытылады екен.
Александр ХЕЛЮК аспаз:
-Басшылыққа бірнеше мәрте кіріп, ресми түрде тіркеңдер деп айттым. Келісім-шарт жасайық дедім. Келесі ай, келесі ай деп уақыт созды. Енді не келісім-шарт жоқ айлығымызды ала алмай отырмыз. Олар салық төлеуден жалтарғаны сөзсіз.
Ашуға булыққан жұмысшылар күзетшілердің қарсылыған қарамастан мейрамхана ішіне басып кірді. Шулағандарды қарсы алған мекеме әкімшілігі кәсіпкердің төленбеген миллиондаған қарызын айтып олардың соңғы үміттерін су сепкендей басты. Шиеттей бала-шағаны қалай асыраймыз деп амалдары таусылғандар басшыға тағы да қоңырау шалды. Бірақ телефон сөндірулі. Бұл жолы да маңдай тер ақыларын өтей алмаған мейрамхана қызметкерлері әділдік іздеп, заңға жүгінеміз деп тарқасты. Жұмысшылар бірнеше айдан бері хат-хабарсыз, ізім-ғайым жоқ болған басшыны сотқа беріп, еңбек инспекциясы мен прокуратураға шағымданамыз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!