Павлодарда 200-ге жуық жер үйді су басып қалды
Бұл жолы қала жұртын жер астынан шығатын тіршілік нәрі әбігерге салуда. Тұрғындардың айтуынша, оған бұрынғы су сорғыш станцияны бұздыртып тастаған жергілікті атқамінерлер кінәлі. Соның кесірінен кейбір баспаналардың жертөлесі сөгіліп, қабырғалары жарылып жатыр. Ал жергілікті биліктен еш қайыр көрмеген тұрғындар енді Ақордаға хат жазбақшы.
Автор: Әйгерім Шакаманова
16.05.2018
Екінші Павлодар аталып кеткен ықшамаудан тұрғындарының айтуынша, жерасты сулары оларды үш жылдан бері әбігерге салумен келеді. Бастапқыда көшелерде жайылған су кейін аулаларды түгел басыпты.
-Тұрғындардың айтуынша, Кеңес одағы кезінде бұл ауданда су сорғыш станция болған. Бірақ ол 9 жыл бұрын алынып тасталыпты.Содан бері жер асты суы көтеріліп, көшелерді су басады екен.Соңғы екі жылда су тіпті үйлерге де кіре бастаған.
Кесірінен баспаналардың жертөлесі сөгіліп, қабырғалары жарылған. Ал жалдамалы пәтерге көшуге мәжбүр болған Сағындық Сарбасов әбден сыз тартқан бөлмелерде тұру мүмкін болмай кетті дейді. Жертөледен күнде шелек-шелек су шығаратын зейнеткер бұлай жалғаса берсе, үйім мүлде құлап қала ма деп үрейленіп отыр.
- Су ортан белден келді. Ал басында 20 мыңға сорған, енді қазір күнара машинамен сорғыздыртып отырамыз.
Дәл осындай күйге түскен 200-ге жуық үйдің иелері бұған жергілікті атқамінерлерді кінәлауда. Айтуларынша, олар ескі болса да істеп тұрған су сорғыш станцияны бекер бұздыртып тастаған. Ал жаңасынан пайда жоқ.
Дәметкен Сыздықова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Былтырдан бері колледждің артында дренаж салып жатыр. Одан ешқандай бізге пайда жоқ. Оның су сорылып та жатқан жоқ. Колледж бен өзі жатақханасының жертөлесі маңайлары суға толып тұр. Ол жақты сормай тұрғанда біздің көшені қайдан сорады деп ойлап отыр?
Осыдан кейін бала-шағасы мен үйіндегі кемпір-шалы түгел сенделіп қалған тұрғындар ақыры ғаламтор арқылы Елбасының өзіне хат жазуға мәжбүр болыпты. Ал жергілікті атқамінерлер жақында бәрін тындырып береміз деп отыр.
Николай Казанин, Павлодар қаласы ТКШ бөлімінің басшысы:
– Технологиялық колледж аумағында былтыр су сорғыш станция іске қосылды. Ондағы көлденең дренаждың ұзындығы 183 метр. Қазір жер асты суы коллекторға айдалып жатыр. Жақын күндері тереңдігі 20 метр ұңғыманы қазамыз. Кейін «Павлодаргидрогеология» мекемесі мамандарымен бірлесіп, осындай қанша ұңғыма қазу керектігін ойластырамыз.
Осылай деген атқамінерлер үйі бүлінген жұртқа қандай да бір шығынның өтелер-өтелмесі жөнінде жақ ашпады. Есесіне бір ұңғыманы қазу үшін 1 миллион 200 мың теңге кететінін есептеп қойған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!