{metadescription}
Астанада адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатқан жатақхана тұрғындары мұңын айтты
Астанада адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатқан жатақхана тұрғындары мұңын айтты

Астанада адам шошырлық жағдайда өмір сүріп жатқан жатақхана тұрғындары мұңын айтты

Өлмесін десе, үй берсін! Үйіндінің астында қалудан қорыққан астаналықтар әкімдіктен баспана сұрады. Бас шаһардың қақ ортасында тұрған екі үй он жыл бұрын тұруға жарамсыз деп танылған. Сау тамтығы қалмаған 5 қабатты үйлердің салынғанына 60 жылдан асыпты. Ал қала басшылығы оларға жаңа баспана береміз дегенімен, оны кемі екі жыл күту керек.

Елорданың ортасында осындай да үй бар дегенге екінің бірі сене қоймас. Қабырғаларын ылғал кеулеп, бұрыштары шіріп жатқан мынадай пәтерлер біраз жұрттың мекені.

Қымбат Омарова, жатақхана тұрғыны:

-15 жыл болды менің осы жатақханада тұрып жатқаныма. Ұлым екеуміз тұрамыз. Небәрі 13 шаршы метрде. Жоғарыда отырған адамдар таңертең жұмысқа шығарда жуынатын шығар, кешке келгенде жуынады. Ал біз жуынатын жеріміз жоқ, міне көріп тұрсыздар ғой. Астанада осындай жағдайда тұрып жатырмыз. 

Пәтердің іші оңбай тұрғанда дәлізінің мынадай көрінісі таңқаларлық жәйт емес. Ыржиып қалған қара сымдарға ойда жоқта ойын балалары ұрына қалса, оңдырмасы анық. Сылақтары құлаған тұстардан атам заманғы қағылған ағаштары көрініп, үйдің сұрқын қашырып тұр.

-О баста бұл ғимарат түрмеден шыққан әйелдерді қамауда ұстайтын колония ретінде салыныпты. Дәл мына жерлерде әр қабатты бекітулі ұстайтын темір есіктер тұрған. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Қазіргі күйі мынадай, адам тұрғысыз күйде. Бірақ, соған қарамастан дәл осы ғимаратта 170-ке тарта пәтерде адамдар тұрып жатыр.

1962 жылы салынған жатақхана он жыл бұрын тұруға жарамсыз деп танылған. Бірақ, мұндағылардың барар жер басар тауы жоқ. Әбден ескіргендіктен, үйдің ішін таза ұстау мүмкін емес. Мәселен, мына қол жуатын жер бүкіл қабатқа ортақ.

-Міне, көріңіз, астының бәрі құрттайды. Құртттар кәдімгідей жүзіп жүреді. Сосын мынаның ішіне кірмейміз. Қайда барамыз?! Жылаймыз да үйде отырамыз.

Бұл үйлердің бар айыбы оң жағалауға орналасқаны ма дерсің. Әйтпесе, бесқабатты қос үй қаланың қақ ортасында тұр. Кірпіші сынып, бүйірі опырайып тұрған мына қабырғала алда-жалда қирай қалса, дүйім жұрт үйіндінің астында қалады.

Мағрипа Хасенова, жатақхана тұрғыны:

- Мына жерде өлеміз неше түрлі ауру болып. Енді өлмесін, қазақ көп болсын, көбейсін десе бізге үй берсін бәріне де. Біз де жұрт сияқты жақсы жерде тұрғымыз келеді. Бала-шағамыз да солар сияқты ойнап-күліп жүргені жақсы. Олар сияқты суға түскенді, олар сияқты әжетханада отырғанды жақсы көреміз.

Қала басшылығы бұл үйді арнайы бағдарламаға енгізіп, сүріп тастаймыз деп отыр. Бірақ, әзір емес. Өйткені, апатты жағдайда тұрған үйлер жетіп артылады.

Айнагүл Тақырова, Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:

-Ол «Нұрлы жер» пилоттық жобасының екінші жартысына кірді. Үй 2020 жылы сүрілетін болады. Алдымен оларға қазіргі пәтер көлеміне сай баспана беріп, сонда көшіреміз. Ал 2020 жылға дейін техникалық жағдайы тым нашар үйлер сүрілетін болады.

2013-17 жылдар аралығында 228 ескі үй қиратылған. Әлі де кезегін күтіп тұрған 34 үй бар. Ал мына тұрғындар жаңа баспанаға жетем дегенше кем дегенде екі жыл күту керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

24 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде