Ақтөбеде облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қамауға алынды
Полиция полковнигі Алтай Аңшыбаевқа өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемденіп, талан-таражға салды деген айып тағылып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.05.2018
-Оның қанша ақша жегенін тергеушілер айтпай отыр. Сондай-ақ, Аңшыбаевтың ұсталғанына қатысты қолда бар ақпарат мардымсыз. Бір білетініміз қазір абақтыға қамауға алыныпты. Ол аймақтағы ішкі істер депратаменті бастығының қаржы жөніндегі орынбасары болған.
Полиция полковнигі ішкі істер органында қызметін 1994 жылы бастаған. Ол осы уақыттан бері тәртіп сақшыларының есеп-қисабына жауап беріпті. Ақтөбе облысы ішкі істер департаментіне лауазымды қызметке тағайындалғанға дейін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінде басқармасын бастығы болған. Мәліметтерге қарағанда, погонды бухгалтер аудандық ішкі істер бөлімдерінің ғимараттарын жөндеуге бөлген ақшаға қол салған. Айта кетейін, кейбір ақпарат құралдары Алтай Аңшыбаевтың сыбайластары да ұсталды деп хабарлаған еді, бірақ кейін күдіктінің әріптестері бұны жоққа шығарды.
-Ақтөбеде жыл сайын облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасарларының істі болуы әдетке айналған сияқты. Бұған дейін Алтай Аңшыбаевтың әріптесі, тергеу саласына жауап берген Рахат Ахановтың атышулы «Ағайынды төртеу» ұйымына қатысы барлығы айтылып еді. Ол іс не болып жатыр?
- Иә, дұрыс айтасыз. Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының тағы бір бұрынғы орынбасары Рахат Аханов әлі сотта жауап беріп жатыр. Оған жаңа сіз айтқан «Ағайынды төртеу» ұйымына және жетекшісі Еркін Ізбасарға қолдау көрсетті деген айып тағылды. Өзі мойындамайды. Бірақ енді оның тағдырын сот шешеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!