Дубайда уланып қалған отандастарымыз танымал қонақүйді сотқа бермек
Демалыс іздеймін деп ажал құша жаздады. Біріккен Араб әмірлігіне тынығуға барған бір топ қазақстандық қонақүйде тамақтан уландық деп дабыл қақты. Өзін жайсыз сезінгендердің арасында Ресей, Украина және Беларусь елінің азаматтары болған. Ал, куәгерлердің дерегінше, астан уланған жерлестеріміздің саны 30-дан асып кеткен.
Автор: Мақсат Мәлік
17.05.2018
Күйкі тірліктен бір сәт қол үзіп, шетел асқан туристердің бірі - астаналық Әсел Төлеуғалиева. Отбасымен Біріккен Араб әмірлігіне барған туристің айтуынша, елге оралғаннан кейін де 1 жарым жастағы ұлының жағдайы күрт нашарлап, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Қазір баланың халі ептеп жақсарып, палатаға ауыстырылыпты. Әселдің сөзінше, астан уланғандардың жаппай іші ауырып, бастары айналған. Ал, жерлестеріміздің шағымына қанықпыз деген сыртқы істер министрлігі, жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ, туроператорлар да барлық жәйт құжат бойынша дәлелденсе, көмектесуге әзірміз дейді. Бірақ, армандаған демалыстарының астан-кестеңі шыққан туристер, тезірек шара қолдануды талап етіп отыр.
Әсел Төлеуғалиева, Астана қаласының тұрғыны:
-Егер бұл отельдер өзінің кінәсін мойындап, өзінің жауапкершілігін атқармайтын жағдайда біз мемлекеттік тұрғыда және халықаралық тұрғыда арбитражға хат жазамыз деген ойдамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!