АЭФ: Қонақтарға қандай құрмет көрсетіліп жатыр?
Еуропалықтар Елорданың суығына шыдамай жатыр. Аяқасты ауырып қалған құрметті қонақтардың біріне дәл жиын кезінде дәрігерлік көмек көрсетілді. Ал фотоға әуес селфишілер жиынға келгенін тіпті ұмытып кетті. Әсіресе, шетелдіктер аспаздардың баппен пісірген дәмді тағамдарын таңдап жеп жүр. Астана экономикалық форумының бейресми тұстары тілшілердің назарын аударды.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.05.2018
-Экономикалық форумның жаңалықтарын ақпараттық сайттар сәт сайын таратып жатыр. Тіпті ол үшін арнайы газет те шығарылған. 5 мыңға тарта қатысушы Конгресс орталықта түрлі келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойып жатыр. Ал шетелдік қонақтарды әдеттегідей Астананың ерекше құрылысы тәнті еткен. Сонымен бірге, қара суығы да қатты тоңдырған сияқты.
Өйткені, таңертеңнен бері ауа температурасы 9 градустан жоғары көтерілген жоқ. Оның үстіне азынаған жел одан сайын тоңдырып әкетті. Содан болса керек, жиын басталғаннан ыстық шәй мен кофеге кезекке тұрғандар көп. Бәрі де сөз арасында Арқаның суығын айтып қалып жатыр.
-Астана жиі болып тұрам. Өмірімдегі ең суық ауа – -45 градусты осында өз көзіммен көрдім. Сондықтан, бүгін бүгін өте ыстық деуге болады.
Суық әсер етті ме екен, аяқ астынан шетелдік құрметті қонақтардың бірінің денсаулығы күрт нашарлап, медициналық көмекке мұқтаж болды. Қараң-құраң адамның арасынан орын тауып, дәрігерлер емдом жасап, бетін бері қаратып алды. Қалың ел қарбаласып жүргенде, түскі астың да уақыты болды. Біздің аспаздардың жатпай-тұрмай дайындаған асын шетелдіктер таңдап жейді екен.
Жиын жиынымен, бірақ түскі асты ешкім жібермейді. Ас-ауқаттың маңайында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд та жүр. Ал біздің шенеуніктерге тыным жоқ. Үзілістерді пайдаланып, маңызды құжаттарға дәл жұрт арасында қол қойып жүр. Онысын бітіре сала шетелдіктермен келісімшарттарға отыруға кетіп барады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Хорватия Республикасы және Қазақстан Республикасы арасындағы экономикалық қарым-қатынастар және ынтымақтастық туралы келісім шарттарға мен қол қоямын бірнеше минуттан кейін. Және тағы басқалар.
Конгресс орталығына келгендердің бәрі бірдей іскер азаматтар емес. Оны мына жүрген кісілерден байқауға болатын сияқты. Кілең ығай мен сығай жиналатын осындай жиындар селфиге түсіп қалу үшін таптырмас орын. Астана экономикалық форумы бүгін басталғанын ескерсек, алда әлі талай қызықтар күтіп тұрғаны сөзсіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!