АЭФ: Назарбаев бай мен кедейдің арасы алшақтап бара жатқанын айтты
Әлемдегі әлеуметтік теңсіздікті жою керек! Бүгін дүниежүзіне маңызды ұсыныстар айтылатын алаң ретінде танымал болған Астана экономикалық форумын ашып берген президент Нұрсұлтан Назарбаев жер жаһанға төнген қауіп қатер туралы айтты. Әрі шартараптың шатқаяқтап тұрған экономикасын сақтап, тығырықтан шығудың негізгі 5 жолын атады. Шетелден келген атақты спикерлер де аянып қалған жоқ.
Автор: Досжан Маратұлы
17.05.2018
Бұл әлемнің ақылмандары бас қосатын Астана экономикалық форумы. Осымен 11-ші рет өтіп жатқан ауқымды шараға Біріккен Ұлттар ұйымының бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Францияның экс-президенті Фрунсуа Олланд секілді беделді саяси тұлғалар мен есімдері форбс журналынан түспейтін ықпалды бизнесмендер мен ғалымдар жиналған. Форумды бастамас бұрын, президент Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі меймандардың әрқайсысымен қол алысып шықты. Осы кезде ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Apple компаниясының негізін қалағандардың бірі - Стив Возняк, Елбасыға телефон нөмірі жазылған қағазды ұстатып жіберді. Бұдан соң, көпке созбай, жиынды ашқан президент әлемдегі негізгі өзекті мәселелерге тоқталды.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
-Жаңадан текетірес, конфрантациялар пайда болуда. Мемлекет арасында келісімге келу, қиындап бара жатыр. Әсіресе, үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын ұстану жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі мәселе. Сондықтан осы қиындықтарға қатысты мәселені әділ және обективті түрде талқылаудың мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды.
Иә, тығырықтан шығудың жалғыз жолы бейбіт келісімге келу. Сол үшін президент шатқаяқтаған экономиканы сақтау үшін 5 бастама көтерді. Әлеуметтік теңсіздікті жою, қаржы нарығы, яғни криптовалюта мен блокчейн саласын шұғыл реттеу керек дейді. Өйткені, цифрландыру заманында электронды ақша елдер арасындағы тартысты тоқтатып, сауда-саттықты реттейді деген үміт бар. Көк түсті спорттық аяқ киім киіп ерекшеленген атақты Стив Возняк та криптовалютаның болашағы жарқын дейді.
СТИВ ВОЗНЯК, APPLE» КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ:
- Криптовалютаны ортақ ақша деп айтуға болады. Он жылдан кейін электронды ақша саудасы өте қатты дамиды. Бірақ, мұны біле тұра мен өзімнің биткоиндарымды сатып жібердім.
Блокчейн ғана емес, шикізат саудасы да қызу пікір таласқа арқау болды. Осы кезде Францияның бұрынғы президенті әлемдік дағдарысты ірі державалардың қолдан жасап отырғанын меңзеді.
ФРАНЦУА ОЛЛАНД, ФРАНЦИЯНЫҢ БҰРЫҢҒЫ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Әрбір елде экономикалық өсім болуы үшін ең әуелі, қаржылық тұрақтылық пен мұнай, газ секілді табиғи ресурстардың бағасы бір қалыпты болуы керек.Бірақ, геосаяси мүдде үшін кейбірі бағамен ойнайды. Соның кесірінен қаншама ел зардап шегіп отыр.
Қоршаған ортаны қорғау да назардан тыс қалған жоқ. Ол үшін Пан Ги Мун баламалы энергетикаға көбірек көңіл бөлуге кеңес берді. Жасыл экономика жандандыру үшін бұл салаға – инвестиция қажет.
ПАН ГИ МУН, БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАС ХАТШЫСЫ:
-Біз шұғыл түрде ауаны ластауды доғаруымыз керек. Астанада өткен «Экспо» көрмесі, баламалы энергетика саласын дамыту жолында үлкен қадам болды. Әрине ондағы ірі жобаларды іске асыру үшін мықты инвесторлар қажет. Ал, шаруаны қолға алмасақ, жақын болашақта қоршаған ортамен не болатынын елестетудің өзі қорқынышты.
Жалпы, маңызды бастамалар көтеріліп, құнды мәліметтер айтылған форум күн ұзаққа жалғасты.
-Әлем назары ауған форум әлі күн жалғасады. Талқыланатын мәселе өте көп. Мәслелен, ертең спикерлер, алдағы он жылда экономика қалай құбылады? Машина мен робот қаптаған заманда жұмыссыздықпен қалай күресеміз деген секілді маңызды сұрақтарға жауап іздейтін болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!