Ақмола облысында көктемгі егіс айғай-шумен басталды
5 мың гектар егістік үшін 2 серіктестіктің адамдары тура алқапта табан тіресіп тұр. Бірінің қожайындары науқанға әзірленіп келсе, екіншісінің жұмысшылары олардың жерінің шаңын шығарып егу жұмыстарына кірісіп кетіпті. Мұны көрген жер иелері құзырлы орындардың барлығын аяғынан тік тұрғызған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.05.2018
Айтқандарына көніп, алдарына келмеген соң «Бастау» жерімізге басып кірді деп айғайға басқан «Амантай» серіктестігіндегі жер иелері олардан дәл осындай бассыздықты күткен жоқпыз деп отыр. Бұған дейін арада талай келіссөз жүрген, бірақ амантайлықтар оларға жер беруден бас тартыпты. Соған қарамастан, бастаулықтар егіс алқабына алып техникаларды кіргізген. Сөйтіп, бірнеше күннен бері жаппай тұқым сеуіп жатқан оларға тосқауыл қою мүмкін болмай кеткен. «Бастау» серіктестігі дәл сол маңда 10 мың гектар жерге егін сеуіп келген. Ал көршілерінің 5 мың гектар алқабына көз салмас бұрын, олармен 2 жыл бұрын бірлесіп ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасастық деп тұр.
Қайыргелді Ербалин, «Бастау»ЖШС бас агрономы:
-«Амантай»серіктестігімен бірлескен келісім-шарт жасасқанбыз. Ешкім де бізден үлес сұраған емес. Белгілі бір топ қана бізге қарсы шығып тұр. Әміржанов деген директоры болған, 2016 жылы қол қойды.
Бірақ «Амантайдың» қазіргі басшысы ол келісім-шарт заңсыз дейді.
Дмитрий Купальцев, «Амантай» ЖШС атқарушы директоры:
-Бізде соттың шешімі бар. Әміржанов дегенді олар өздері тағайындап алған. Сот оның директорлығын заңсыз деп тапты. Көктемгі егіс басталмай жатып, алқапқа кіріп кеткен. Жердің заңды актісі де біздің қолымызда. Сонда оларға заң жоқ па?
Бөтен техниканың алқапта жүргенін алғаш көргенде амантайлықтар оны тоқтатпақ болып, астына түсіп қала жаздаған. Бастаулықтармен жаға да жыртысыпты. Бірақ құзырлы орындар бұл тұрғыда әзірге үнсіз отыр.
-Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған соң ба, бастаулықтар бар техникасын алқапқа шығарған. Тіпті диқандары түнімен тұқым сеуіп, 5 мың гектар алқаптағы жұмыс аяқталуға жақындап қалыпты. Ал жер иелері олар мұны тоқтатпаса себілген жерге екінші рет дән егеміз деп ерегесіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!