Ақтөбеде жүргізушілер жұмысқа шықпай қалды
Ақтөбеде орталық көшемен қатынайтын жиырмадан астам автобустың жүргізушілері жұмысқа шықпай қалды. Олар еш себепсіз күнделікті жоспар құнын көтеруіне қарсы. Бұрын күн сайын жолақысынан жиналған елу бес мыңды компанияға тапсыратын болса, енді ол алпыс мыңға жетіпті. Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын мекеме басшылары жүргізушілердің қарсылығына пысқырып та отырған жоқ. Тіпті орнына басқа адамдарды алып үлгерген.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.05.2018
Бұл жүргізушілер таңнан бері бастықтары отыратын мекеме алдын торуылдаумен жүр. Сырттан бұйрық беруге шебер директорды ұстау қиын. Сондықтан автобустарын тастап, наразылықтарын өздері айтпақ болған. Сонымен, кешегі күнге дейін әр жүргізуші жолақысынан жиналған елу бес мың теңгені тапсырып келіпті. Басшылар сол жоспарды бір кеште бес мың теңгеге көтеріп жіберген.
Әлібек Шөкенов, автобус жүргізушісі:
- Біз қайда барамыз? 55 мың жоспар тапсырдық. Соған қанағат етпей тұр. Сен тағы қосу керексің деп. Біз де адам баласымыз ғой.
Жұмысқа шықпаған жүргізушілердің қылығына компания басшысының мұрты да қисаймады. Ол қарамағындағылардың қамынан гөрі, бас пайдасын ойлайтын сияқты. Өйткені мол табыс уәде еткен адамдарды наразы жүргізушілердің орнына алып үлгерген.
Рүстем Ерғалиев, «Ақтөбе жолаушылар автокөлігі кәсіпорыны» ЖШС директоры:
- Басқалары төлейміз дейді. Сіздер қалғандарын арандатып отырсыздар. Ондай ультиматум қоймаңыз.
Мекеме басшысы мен автобус жүргізушілерінің бір-біріне қырсығуынан, әйтеуір, тұрғындарға зиян келген жоқ. Қала ішіндегі жолаушылар тасымалы тоқтамады. Дегенмен, жүргізушілер өз құқықтарын қорғау үшін кәсіподақ пен әкімдікке де шағымданыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!