Павлодарда іздестірілген тауыс табылды
Павлодарда іздестіріліп жатқан тауыс табылды. Қызыл кітапқа енген құсты қала тұрғындарының бірі өз қорасында ұстап келген.
Автор: Әйгерім Шакаманова
21.05.2018
Шаһарға қарасты Павлодарское ауылындағы мешітке тиесілі қос тауысқа осыдан он күн бұрын іздеу жарияланған еді. Бірақ Құдай үйінің қызметкерлері екі тәуліктен соң аналық құсты ауыл маңынан анықтап, қолға түсірген болатын. Екі жыл бұрын Түркістан қаласынан әкелінген тауыстарды мешіт медресесіне жаңадан келген оқушылар ұстап көрмек болып, абайсызда сыртқа шығарып жіберген. Ал тауысты бірнеше күннен бері қорасында ұстап келген азамат Қызыл кітапқа енген бұл құсқа іздеу жарияланғанын естімепті. Ал құстың өзі күні-түні бақырып, үй ішіне ұйқы бермеген. Мешіт күзетшісі болса, оны осы даусы арқылы іздеп тауыпты. Қазір аталық және аналық тауыстар қайта қауышып, арнайы қоршауға қамалған. Ал бағалы құсқа бір аптаға жуық бас көз-болған тұрғындар құлағымыз тынышталды деп қуанып отыр.
Ғайша Тоқпанова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Балам ұстап алып, оны қораға жаптық. Сол соны бүгін учасковый келіп, алып кетті. Бес күн жатты, бес күн тамақтандырдық. Әдемі құс екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!