Ақтөбеде оқушы дәрігерлердің салғырттығынан мүгедек бола жаздады
Ақтөбеде 11 жасар оқушы дәрігерлердің салғырттығынан мүгедек бола жаздады. Шынтағы сынған Алдияр Нұғмановты емдеген хирургтар рентгенге түсіріп тексеруді ұмытып кеткен. Соның кесірінен сүйек қисық бітіп, жансыздана бастайды. Ақыры көрші елдің мамандарының көмегіне жүгінуге тура келді. Енді оқушының ата-анасы ісіне салғырт қараған дәрігерлерді жазалауды талап етіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.05.2018
11 жасар Алдияр бір жылдан бері шынтағын дұрыс жаза алмайды. Былтыр жазда велосипед айдап жүріп, оңбай құлайды. Қолын сындырып, балалар ауруханасында сүйектерін сыммен жалғап берген. Содан бері солақай. Себебі оң қолы бүгіліп қалған.
-Мен сол қолыммен үйрендім жазуға. Ну дұрыс жаза алмаймын. Әріптерім қисық болады.
Кейін сымды алған дәрігерлер тексеру үшін ренгенге түсіруді ұмытып кеткен. Соның кесерінен сүйек қисық бітіп, жүйке талшықтары өле бастайды. Астанаға да апарады. Олар отаны кейінге шегерген. Тек ресейлік мамандар бірден сүйектерді орнына қойып, аз да болса шынтағын жазуға жағдай жасапты.
Әсел Үйрекбаева, Алдиярдың анасы:
-Сүйек талшықтары өліп қалған. Соны Мәскеуде профессорлар қайта ота жасап түзеді. Комиссия алдына шығарып ақтөбелік дәрігерлер жіберген қатені айтқанда өзім ұялдым. Енді тағы жыл соңында ота жасату керек.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар болса баланың қолын салған дәрігерлерге шаң жуытпайды. Бірақ дер уақытында рентгенге түсіріп, тексермегені үшін аурухананың бөлім меңгерушісіне сөгіс беріпті.
Светлана Есенаманова, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Өте қиын перелом болғасын бірінші операцияда дұрыс жасалған. Қазіргі операцияда толық қолын орнына алып келмеді. Специяны алып жатқанда рентген жасамағасын тактика бойынша ол деген мына протокол бойынша қате болып есептеледі.
Шынтағы сынған Алдиярдың ата-анасы ісіне салғырт қараған дәрігерлерден айыппұл өндірмекші. Алғашында Ресейде ота жасатуға жұмсалған екі миллион теңгені сұрап отыр. Бұдан бөлек осы істі тексеруді ішкі істер департаменті де қолға алған. Ондағылар қосымша сараптама тағайындады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!