Энергетика министрі солтүстік өңірлерге қашан газ жететінін айтты
Ел аумағын газбен қамту көрсеткіші 50 пайызға да жетпейді. Ал Қазақстан шетелге газ сатуды ұлғайтып жатыр. Жанармай нарығында да тура осындай жағдай. Еліміз мұнай өндіруші алпауыттардың қатарында тұрса да, әлі Ресейдің жанармайына тәуелді. Неге? Энергетика министрі бүгін Мәжілісте депутаттардың алдында осы сұрақтарға жауап берді. Қанат Бозымбаевтың баяндамасы бұл жолы да оптимизмге толы. Сөзіне сенсек, келер жылдан бастап бензиннен таршылық көрмейді екенбіз.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.05.2018
Қазақстан мұнай өндіру көлемі жөнінен әлемде 15 алпауыт мемлекеттің қатарында тұр. Сөйте тұра, былтыр бүкіл елге қажет бензиннің 30 пайызын сырттан тасымалдаппыз. Дизель отынының 25 пайызын, ал авиакеросиннің 60 пайызын шетелден сатып аламыз. Бензин жетіспейтіндіктен, биыл да біраз жанармай көлемін импорттауға мәжбүрміз. Дегенмен, келер жылдан бастап жағдай өзгереді деп сендіріп отыр министр Бозымбаев.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- Зауыттардың жаңғыртуы біткеннен соң, 3-4 айдан кейін сертификациялау жұмыстары бітеді. Жыл соңына дейін жұмыастардың бәрін бітірсек, келесі жылдан бастап 100 пайыз бензин, 100 пайыз дизотын, 100 пайыз авиакеросин өз зауыттарымыз арқылы ішкі нарығымызды қамтамасыз етеміз.
Ал ел аумағын газдандыру мәселесі бір-екі жылда бітетін шаруа емес. Өйткені, көгілдір отынмен байтақ даламыздың небәрі 47 пайызға ғана қамтылған. Бірақ, соған қарамастан Қазақстан шетелге газ экспортын арттырмақ. Біздің жалпы экспортымыздың 50 пайызын осы мұнай-газ өнімдері құрайды екен. Ал ел аумағына, оның ішінде солтүстік өңірлерге газ жүргізуді біздің министрлік енді ғана қолға алып жатыр. Ол кемі 3 жыл уақыт алады. Өйткені, орталық және солтүстік өңірлерде ірі газ құбырлары атымен болмаған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:
- 287 миллиард теңге керек болады. Ол тек қана магистральді құбырын тарту үшін. Ал газ тарату құбырларын айтсақ, екі есе үлкен болады да қаржы. Сондықтан, әрине біртіндеп кезек-кезекпен бұл мәселені қолға алуға болады.
Айта кетерлігі, еліміздің сыртқы қарызының біраз бөлігі мұнай-газ саласына тиесілі екен. Депутаттардың айтуынша, мемлекеттік қарызымыз 167 миллиард доллар болса, соның 104 млрд. доллары осы салада істейтін компаниялардың еншісінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!