Орман өрттерін ауыздықтауға Ішкі істер министрлігі дайын болмай шықты
Орман өрттерін ауыздықтауға Ішкі істер министрлігі дайын болмай шықты. Әсіресе, аймақтағы төтенше жағдай қызметкерлері тілсіз жаумен күресуге қауқарсыз. Өйткені, қажетті техника жоқ. Барының өзі іске жарамсыз. Осы кезде алқаптар шетінен күлге айналып, миллиондаған шығын келтіріп жатыр. Сондықтан, Үкіметте есеп берген Қалмұханбет Қасымов техникаға әлдеқашан бөлінеді делінген ақшаны ала алмай жүргенін айтып шағымданды.
Автор: Досжан Маратұлы
22.05.2018
Елімізде соңғы 5 жылдың ішінде 20 мыңнан астам орман мен дала өрті болып, 2 миллионға жуық алқапқа зиян келген. Келтірілген шығын жүздеген миллиондармен саналады. Өкініштісі, өрт жылдан жылға өршіп барады. Ал табиғаттың зардап шеккені үшін Ішкі істер министріне жауап беруге тура келді.
-Орман мен даладағы өрттердің 5 есе, 21 есеге өсіп кеткеніне не себеп осыған?
Премьердің қойған сұрағына Қалмұханбет Қасымов тосылып қалмады. Айтуынша, орман өртін сөндіру өте қиын. Өйткені, қалың ағаштың арасына көлікпен бару мүмкін емес. Ол үшін арнайы қондырғылар, әуеден су шашатын тік ұшақтар қажет. Бірақ, мұндай техника жеткіліксіз. Әсіресе, Шығыс пен Батыс Қазақстан, Алматы облысы секілді аймақтағы өрт сөндірушілердің қолы байлаулы. Сондықтан, ұрымтал сәтті жібергісі келмеген Ішкі істер министрі, техникаға бөлінеді деген ақшаны ала алмай жүргенін айтып шағымданды.
ҚАЛМҰХАНБЕТ ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
- Мына сұрағыңызға рахмет. Сіз шешіп едіңіз 2 миллиард ақша береді деп. Міне бүгінге дейін ала алмай жүрміз. Енді мынаған келдік, тағы сұраймыз, сөйтіп жылдың соңына дейін тағы бермей қояды ақшаны.
Қасымов айтып тұрған 2 миллиард негізі көктемгі тасқынмен күресуге әлдеқашан бөлінуі керек еді. Бірақ, қаржыға жауапты шенеунктердің жайбасарлығынан қаржы әлі жетпеген. Енді арман болған осы миллиардтарға министр, өртке қарсы техника сатып алуды жоспарлап отыр. Ал, мұны естіп ашуланған премьер аймақтағы әкімдерге де құтқарушылардың керек-жарағын дереу алып беруге тапсырма берді.
БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
- Біз енді баспасөз беттерінен, оқып көріп отырмыз, әкімшіліктерге қымбат көліктер жылда сатып алынады. Ал, мына орман дала өрттерін сөндіруге байланысты болмаса, тасқын суға тойтарыс беруге келгенде ақша жоқ болып қалады. Сол себептен әріптестер өңірлердегі осы мәселеге назар аударуларыңызды сұраймыз.
Техникаға қажетті миллиардтар республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс дейді Қаржы министрі. Бірақ, Бақыт Сұлтанов нақты мерзімдерін айтқан жоқ. Сондықтан, төтенше жағдай қызметкерлерінің әзірге қолда барды жарата тұруына тура келетін сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!