Алапат дауыл Астананың астаң-кестеңін шығарды
Алапат дауыл Астананың астаң-кестеңін шығарды. Күшті желден тіпті Назарбаев әуежайында жүз жолаушысы бар ұшақ қону жолағынан шығып кеткен. Әйтеуір, адамдары аман. Ал қаланың өзінде құрылыс краны құлап, Бейбітшілік және келісім сарайының бір қабырғасына айтарлықтай зақым келді. Оқыс оқиғадан әзірге 10 адамның жапа шеккені айтылды. Төтенше жағдайлар комитеті жарақат алғандар санының әлі де артуы мүмкін деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
22.05.2018
-Ал, енді міне Астанаға кеп қалдық. Оой, самолет зорға қонды. Астапыралла, астапыралла.
Астана әуежайына Шымкенттен келген ұшақ осылай апатты жағдайда қонды. Тіпті, «Эйрбас-320»-ны қатты жел қону жолағынан шығарып жіберген. Сөйтсе, лайнердің қозғалтқышына зақым келген екен. Абырой болғанда, ішіндегі 97 жолаушы мен экипаждың 9 мүшесі дін-аман. Апат кесірінен Назарбаев халықаралық әуежайы 40 минутқа жабылып қалды.
Құрылыс алаңында сорайып тұрған кранның анау-мынау желге құламайтыны анық. Бірақ, екпіні күшті болғаны соншалық, тағы бір кранды сұлатып түсірді. Ал мұнда көпқабатты үйдің төбесінен желдеткіш жүйесінің бір бөлігін жұлып әкетіп, төмендегі көліктерді жапырып қалған. Кейбіреуінің сау-тамтығы жоқ. Оны сол маңда жүрген оқушылар байқап қалыпты.
- шыққанда біз естідік, бір зат құлағанын, үлкен зат. Сондай дауыс шыққан, прям, қорқынышты. Сосын біз мектепке кірдік, мектепте күттік.
Астананы әбігерге салған дауылды жаңбыр дәл түс әлетінде аяқ астынан басталды. Бұршақ аралас нөсер жауын құйып кеткенде таяқ тастам жерден ары көрінбей қалды. Оған қуатты дауыл қосылғанда тал-теректердің өзін майыстырып жіберді.
Лезде жауып өткен дауылды жаңбырдың әсері әсіресе Бейбітшілік және келісім сарайына қатты зақым келтірген. Пирамида пішінді еңселі ғимараттың қасбеті қирап, қабырғасы үңірейіп қалды.
Астананың беткеұстар әсем ғимараттарының бірі мынадай адам көргісіз күйде. Осындағы күзет қызметкерлерінің айтуынша, дәл дауыл болған сәтте ішінде адам болмағанға ұқсайды. Өйткені, барлығы түскі асқа шығып кетіпті. Ал Бейбітшілік және келісім сарайын қайтадан қалпына келтіру үшін қыруар қаржы қажеттігі мына көрінісінен-ақ байқалып тұр.
Бұл маңға қала басшылары да дереу жеткен. Сұхбат беруге шамасы жоқ, келген шығынды өз көзімен бажайлап жүр. Бұл айтылғандардан бөлек, көшедегі майысып қалған қоршаулар мен түбі қопарылып қалған жол белгілерінің саны белгісіз. Төтенше жағдайлар комитеті осы жағдайдан 10 адамның түрлі жарақат алып, тоғызының ауруханаға жеткізілгенін мәлім етті. Бірақ, жапа шеккендер саны әлі де артуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!