Шымкентте өлім аузында жатқан келіншектің туыстары перзентхана қызметкерлерін кінәлап отыр
Шымкентте ауруханада өлім аузында жатқан 30 жастағы келіншектің туыстары перзентхана қызметкерлерін кінәлап отыр. Олардың айтуынша, №1 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері Гүлжайна Байбосынованың жатырын дұрыс тазаламапты. Зар илеген туыстары оның күтімі де болмаған дейді. Салдарынан миына қан кеткен әйел жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Гүлжайнаның сауығып кетерінен күдер үзген жақындары енді ана өміріне немқұрайды қараған ақ халаттыларды жазалауды талап етуде.
Автор: Бек Әбиев
23.05.2018
- Енді қайтып келмейді. Менің көзім жетеді, толық жетеді оған.
Перзентханаға сап-сау келген Гүлжайна Байбосынова енді өлім аузында. Ал, оның зар илеген жақындары аурухана мен нәресте жатқан перзентхана арасында сабылып жүр. Сарыағашқа қарасты Абай ауылында тұратын келіншекті нәжісінен ақуыз анықталған соң №1облыстық перинаталдық орталыққа түскен. Бірақ айы-күні жетіп босанған Гүлжайнаның жатырындағы серігін дәрігерлер дұрыс тазаламай, аяғында іс насырға шапқан.
Айнагүл Байбосынова, Гүлжайнаның әпкесі;
-УЗИ түсіргенде дұрыс тазаланбаған депті. Жөнді тазаланбағасын ол температура болып, давлениессі көтеріледі екен. Ал, екінші кінәләрі қанды мөлшерінен көп құйған. Және түнде құйған врачтар. Ол күні дежурный болмаған дейді больницада. Таңға дейін қараусыз қалған.
Осының салдарынан хәлі күрт нашарлаған Гүлжайнаның миына қан құйылған. Қазір ол ес-түссіз жатыр. Оның жақындарына да дәрігерлер сауығып кетеріне үміт жоқ екенін айтыпты.
Жамал Ерімбетова, Гүлжайнаның енесі;
-Роддомнан сәлем салып жүріп қарсы алған келін осындай жағдайға түсіп қалдық. Дәрігерлердің салғырттығынан. Не түсіндіреді, олардың кінәсі бар ғой, не түсіндіреді. Біз айтамыз өзіміздің болған ауыр жағдайды. Жоқ, кешірім өтінген жоқ. Тек қана бізге айтқаны нәресте жатыр, біз жақсылап қараймыз деді. Соған да қуанып тұрмыз енді.
Гүлжайнаның туыстары тым болмаса түсіндіруді талап етіп перзентхана басшылығын іздеді. Бірақ біреуі бас дәрігерді келесі корпуста жүр десе, хатшысы департаментке кетті деп, ал орынбасарлары бүгін ғана мерзімсіз демалысқа шыққанын айтып шатасты. Оның орнына шыққан орынбасарлары да жылаған туыстарына тағы да ештеңе түсіндіре алмады.
Ділбар Әзімова, ОҚО №1 перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары;
-Енді оны комиссия көреді. Комиссия. Жағдайды. –Яғни, қанды мөлшерімен құйдыңыздар, жатырын әу баста дұрыс тазалағансыздар, қарауы да бәрі күтімі жақсы болды ма келіншектің?- Бәрі протокол бойынша қылынған.
Дәрігерлердің әрекетін тексеруді сұрап барған туыстарының шағымын прокуратура қарамапты. Бірінші тексерісті денсаулық сақтау департаменті жүргізуі керек екен. Сондықтан қазір бұл жәйт бойынша департаментте арнайы комиссия құрылды. Алайда Гүлжайнаның сауығуынан күдер үзген жақындары бұл мәселеге Министрлік пен Бас Прокуратураның араласуын сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!