Астанада әскери техниканың саудасы қызып жатыр
Астанада әскери техниканың саудасы қызып жатыр. Бүгін мұнда «Kadex-2018» халықаралық қару-жарақ көрмесі басталды. Әлемнің 28 елінен келген 300-ден астам кәсіпорын жаудың көзін қас-қағым сәтте жоятын танк, ұшақ, зымыран, бронды көлік секілді техниканың сан түрін саудаға шығарған.
Автор: Досжан Маратұлы
23.05.2018
«Kadex» - үлкен бір базар секілді. Тек, мұнда азық-түлік емес, қару-жарақ саудасы қызып тұр. Сондықтан танк, ұшақ, зымыран секілді әскери техникалар жылтырап тұру үшін қайта-қайта сүртіліп жатыр. Ал, осымен 5-ші рет өтіп жатқан ауқымды көрмені президент ашып берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Көрме Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, оны жаңа дейгейге көтереді деп сенеміз. Осы шараға қатысушылар арасында өз-ара тиімді келісім-шарттар жасалуына тілектестік білдіремін.
Бұдан соң, Қытай, Ресей, Түркия, Белорусь, Израиль, Италия секілді 28 елдің кәсіпорындары әскери киім-кешектен бастап, тапанша, мылтық пен жаудың көзін лезде жоятын қуатты техникаларды жұрт назарына ұсынды. Ал, оны сатып алу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген ресми делегаттар, лауазымды офицерлер қай мемлекетте не барын сырттай бақылап жүр. Еліміздің Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері де өздеріне керегін іздеуде. Өйткені, мұнда техниканың озық түрін делдалсыз жеңілдікпен сатып алуға болады.
МҰРАТ МАЙКЕЕВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бірінші күн ғой қазір. Таңдау жоқ әзірге. Ертең келеміз, тағы бір күн келеміз. Көреміз. Барлығы жоспар бойынша.
Еліміз өзгенің қару-жарағына көз салып қана жүрген жоқ. Өзіміздің де ұсынарымыз бар. Мәселен, «Арлан», «Барыс» секілді брондалған машиналарға шетелдіктер қызығушылық танытқан. Ішіне 10 адам сиятын техниканың құны 300 мың доллардан асады. Әрі мына шағын машина да көптің көңілін аударды.
Көрмеге алғаш рет шығарылған техника «қарақұрт» деп аталады. Бір сөзбен айтқанда жасанды интелекті бар робот сарбаз. Алғы шекте жүріп жаудың көзін жояды. Мысалы алдынан қару ұстаған біреу шықса, бірден соны нысанаға алып, атып түсіреді.
Осындай қару-жарақ саудасының алғашқы күні-ақ жүздеген миллиондарға келісім-шарттар жасалды. Көрменің көркі ертең де қызайын деп тұр. Ал, сенбі жексенбі күндері осы әскери техниканың сан түрін астаналықтар келіп тамашалай алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!