Алматы-Жетіген тас жолында кептелістен мезі болған жұрт шу шығарды
Кептеліс мезі етті! Алматы облысында оннан астам елді-мекен тұрғындары көлік тығынынан көз ашпаймыз деп шу шығарды. Алматы-Жетіген тас жолы арқылы қалаға қатынайтын жұртшылық теміржол станциясынан жарты сағат сайын жүретін пойыз қозғалысты тежейтінін айтуда. Ұзын-сонар кептелістен құтылу үшін шағымданушылар шенділерден көпір салып беруді сұрады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
23.05.2018
Бұл кептелістен әбден мезі болған Іле ауданының тұрғындары. Алматы-Жетыген тас жолы арқылы қалаға қатынайтын жұрт межелі жерімізге уақытылы жету мұң болды деп ашынады.
МАРИЯ ТКАЧЕНКО БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Менің көлік жүргізгеніме 12 жыл болды. Сол уақыттан бері осы кептелісті көріп келеміз. Шыдамның да шегі болады. Көпір салатын уақыт жетті. Бірақ ешқандай әрекет жоқ. Біздің сөзімізге ешкім құлақ аспайды.
Ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған кептеліс мәселесі Байсерке, Әлі, Қайрат, Жаңалық сынды оннан астам елді-мекен халқына ортақ. Ұзын-сонар кептелістің туындауына дәлі осы теміржол өткелі себеп. Шойын жолдан пойыз қозғалысы тыйылмайды. Тіпті, күніне ерсілі-қарсылы 60 пойыз өтеді екен.
Жығылғанға жұдырық болғандай кептелістен қашатын Алматы-Қапшағай тас жолындағы айналма жол да жабық тұр. Көлік жүргізушілері кептелістен сытылудың жалғыз жолы қарсы бағытқа шығып, жол ережесін бұзу дейді.
ҚУАНЫШ БЕДЕЛБАЕВ ӘЛІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
- Кім қалай жүреді солай тез жетеді. Жол ережесін бұзбайтын адамдар ұзақ тұрады. Қапшағайдағы поворотты жауып тастады. Бізге көпір қажет. Өтеген батыр кентіндегі теміржолда көпір бар. Бізде жоқ.
Наразы топтың жиналғанын естіген атқамінерлер тайлы-тұяғы қалмай келді. Әкімдіктегілер көпірдің сызбасы, сметалық құжаты дайын деп ағынан жарылды. Алайда, шаруаға кірісу үшін қаржы қолбайлау екен.
СЕРІКЖАН ЕРЕКЕШОВ ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
-Жобаға шамамен 45-50 миллион қаражат керек. Бюджеттен ақша бөлінуді күтіп отырмыз. Ал, Үлкен айналма жолының құрылысы басталып кетті. Ол 2019-2020 жылы аяқталып қалады.Сәл шыдаңыздар.
Бұл жаттанды жауапқа көңілі толмаған жұрттың үміттен гөрі күдігі басым. Енді тұрғындар арыздарын облыс әкіміне жеткізбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!