Оралда жалған ақша жасағандар сотталды
Оралда жалған ақша жасап келген топ мүшелері сотталды.
Автор: Әйгерім Шакаманова
23.05.2018
Ерлі-зайыптылар мен бір ер адам 20 мың теңгелік купюраларды принтермен шығарып отырған.
Нәйлә Жүнісова, судья:
- Бір қарағанда олар шын ақшаға ұқсайды. Бірақ ұстап көргенде бұлардың жалған екенін аңғаруға болады. Сотталушылардың бірі саудагерлермен сөйлесіп, оларды басқа нәрсеге алаңдатса, екіншісі соны пайдаланып жалған ақшаны өткізіп отырған.
Оңай олжаны көксегендер Оралға былтыр қаңтарда Атыраудан көшіп келіпті. Мұнда пәтер жалдаған олар жалған ақша жасаудың тәсілін үйреніп алып, 20 мың теңгелік купюраларды шығара бастаған. Кейін қолдан жасалған ақшаға екі бірдей телефон сатып алады. Осылайша пысықайлар бір ай ішінде дүкендер мен сауда орталықтарында жарты миллион теңгеден асатын жалған ақша өткізіп үлгеріпті. Ал саудагерлердің жаппай шағымынан соң полицейлер оларды бейнебақылау камерасы арқылы анықтап, қолға түсірді. Сотта кінәларын толық мойындаған үш қылмыскердің әрқайсысы 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Жалпы тәртіптегі колонияға қамауға алынған олардың соттың бұл үкіміне көңілі толатын сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!