{metadescription}
Медиа форумда ақпараттың рас-өтірігін қалай ажырату керектігі айтылды
Медиа форумда ақпараттың рас-өтірігін қалай ажырату керектігі айтылды

Медиа форумда ақпараттың рас-өтірігін қалай ажырату керектігі айтылды

Әлемді түбегейлі өзгерткен 15 жыл. Осы уақытта қарыштап дамыған интернеттің адамзатқа кері әсері қандай? Фейк-ақпаратты тамырымен жою мүмкін бе? Дәстүрлі...

trong>журналистиканың өміршеңдігі қашанғы сақталады? Әлемнің 60 елінен келген әйгілі журналист, саясаткер, экономистер осы түйткілдерді Алматыда талқылап жатыр. Олардың басын қосқан Еуразиялық медиа форум бүгін салтанатты түрде ашылды.

Жіті сақталған қауіпсіздік. Шырттай киінген делегаттар. Қадірлі қонақтар арасындағы қызу пікірталас. Дәл осы көрініс биыл 15-інші рет қайталанып отыр. Бұл жолы Еуразиялық медиа форум Алатаудың баурайында өтуде. Күллі әлемді алаңдатқан мәселелер талқыға түсетін шараның іргетасы да алғаш осында қаланған. Содан бері өзгерген дүние көп. Әсіресе, интернеттің қарыштап дамып, өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғаны белгілі. Оның тиімділігін ешкім жоққа шығармайды. Десе де, ғаламтордың көмегінен талай зұлымдықтың жүзеге асып жатқаны да шындық.  

Дариға Назарбаева, ХV Еуразия медиа форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы:

- Интернет кеңістігіне кірудің жеңілдетілуі тек талантты адамдарға, олардың өз ойын білдіруіне ғана жол ашқан жоқ. Сондай-ақ, авантюрист, террорист, өзге де қылмыскерлердің мүмкіндігін кеңейтті. «Тролльдер», яғни, ақпараттық соғыстың көзге көрінбейтін жауынгерлері ең үлкен қауіпке айналды.

Қазір жұрт ақпаратты интернет, әсіресе, тәуелсіз блогерлерден алуға бейімделді. Бірақ, желідегі жарияланымның бәрі шынайы бола бермейді. Фейк-жаңалықтар әбден дендеген. Бұл жағдайға медиа форумның ұйымдастырушылары қатты алаңдаулы. Ал, өткір тілді сарапшылар жалған ақпараттан құтылу мүмкін емес дейді. 

Роджер Фиск, сарапшы (АҚШ):

- Адам бар жерде өтірік те қатар жүреді. Фейк ақпарат сол өтірікті таратудың бір жолы ғана. Сондықтан, адамдар ақпараттың жалған, не шынайы екенін ажыратуға үйренулері керек.

15 жылда интернет дәстүрлі журналистика үшін мықты бәсекелеске айналды. Жасыратыны жоқ, ол талай басылымның таралымын қысқартуға әкеп соқты. Сөйтіп, радио, телевизия, газет-журналдың болашағы көптің күмәнін туғызған. Ал, сарапшылар екеуі де жойылмайды деген пікірде.

Максим Шевченко, сарапшы (Ресей):

- Екеуі журналистиканың екі саласы. Салыстыруға да келмейді. Дәстүрлі журналистиканың артында мемлекет немесе ірі қаржылық топтар тұрады. Олар барда дәстүрлі журналистика да бола береді.

Осындай өзекті тақырып пен өткір ойлар айтылып жатқан жиын ертең де жалғасын таппақ. Әрине, бұл Еуразиялық медиа форумда көтерілген мәселелер бір күнде шешілмейді. Оны басқосуға қатысушылар да мойындады. Өйткені, әлемдегі ушыққан геосаяси текетірес кезінде ірі державалар ақпаратты қарсыласына тойтарыс беретін басты қару ретінде қолданып отыр. Сондықтан, ақпарат құралдарындағы түйткілдер асығыстық емес, байыппен шешуді қажет етеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде