ШҚО-да аюлар шаруа қожалықтарына қырғидай тиіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында аюлар қожалықтарды дүрліктіріп жатыр. Ұйқыдан оянған маймақ аңдар біреулердің бал арасын жайратып тастаса, енді біреулердің малын қырған. Ал оған да тояттамаған кейбір аюлар таулы аймаққа жақын орналасқан ауылдарды торуылдай бастапты. Бұдан үрейі ұшқан жұрт не істерлерін білмей дал. Олардың айтуынша, аңдарды ату үшін берілетін рұқсат қағаз тым қымбат екен. Осының соның кесірінен бұл өңірде аюлардың саны соңғы жылдары артып кеткен.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.05.2018
Бұл өңірде бал арасын өсіріп отбасын асырап отырғандардың бірі – Сергей Берков. Ол өнімді мол жинау үшін араларын Зырян ауданына жақын тұрған тау ішіне орналастырыпты. Әйтседе, омарташы еңбегім зая кетті деп отыр. Айтуынша, балға келген аюлар омартасын тас-талқан еткен.
Сергей Берков, омарташы:
-Біреуін ғана құтқарып үлгердік. Тіпті одан қорғану үшін жіп тартып, қоңырау да құрдық. Ол аю келгенде сыңғырлап, дауыс шығарады. Содан қорқатын шығар дегенбіз.
Ал Ұлан ауданындағы шаруа қожалықтары шығынға мүлдем шаш етектен батқан. Мұнда бір ғана аюдың өзі бір күнде алты бірдей сиырды жайратып тастаған. Әйтседе, бұған да тояттамағандары таулы аймаққа жақын ауылдарды торауылдауға көшіпті. Сондықтан оларға адамдардың өзі жем боламыз ба деп алаңдаулы.
Бауыржан Шағатай, шаруа қожалығының иесі:
-Туғалы тұрған сиырлар болатын. Үйдің қасында. Ары кетсе, 400-500 метр жер. Бұл ертең кісігеде шабуы мүмкін. Аюға шешім қабылданбаса қиындау.
Қазір тау ішінде жайлауда жатқан қожалықтар малдарын ұзатпауға тырысуда. Өйткені одан көз жазып қалса, өлексесін ғана тауып алатын хәлге түскен. Себебі, оларды атып тастауға заңнан қорқып отыр. Ал рұқсат қағаз алу тым қымбат болғандықтан қалталары көтермейді. Оның үстіне мамандардың өзі бұл құжаттарды рәсімдеуге көп уақыт кететінін айтуда.
Василий Ткаченко, ШҚО орман және аңшылық шаруашылығы жедел жасақ бастығының орынбасары: /АУД/
-Бұған аумақтық инспекция ғана рұқсат бере алады. Мысалы, ешқандай арнайы коммисияның тексеруінсіз атуға. Ал олар мұндай шешім шығармаса өз бетімен құжат әзірлеу өте қиын. Әрі оған көп уақыт қажет.
Әйтсе де, мамандар мұндай рұқсат қағаздың дер кезінде қолға тиюі де екіталай екенін жеткізді. Соның салдарынан соңғы жылдары өңірде аюлардың саны екі есеге артып кеткен. Бүгінде, маймақ аңдар облыс орталығы Өскеменнен небәрі 30 шақырым қашықтықта ғана өріп жүрген көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!