{metadescription}
Шенеуніктерге алданған семейліктер жарықсыз, жолсыз, сусыз қалды
Шенеуніктерге алданған семейліктер жарықсыз, жолсыз, сусыз қалды

Шенеуніктерге алданған семейліктер жарықсыз, жолсыз, сусыз қалды

Семейде жергілікті билік шаһарды кеңейту мақсатында берілген жерлерге баспана салғандар наразылық білдірді. Айтуларынша, алғашында уәдені үйіп- төккен атқамінерлер жеме-жемге келгенде олараға ешқандай жағдай жасамаған. Енді соның салдарынан жұрт он жыл уақыт өтседе жарық, жол, ауызсуға жарымай келеді. Ал оларға жер телімін сатқан кезде шенеуніктер бұл мәселені бір жылдың ішінде шешіп бермек болған. 

Ұшқыштар кентінің шетінен берілген жер теліміне баспана тұрғызғандар жұртта қалған жұтаң ауылды елестетеді. Бүгінде мұнда қаз-қатар салынған 500-ге жуық үй өркениет ырзығынан қағылған. Алғашында инфрақұрылыммен қарық қылмақ болған атқамінерлер бір бағана орнатып беруге де жарамады деп ашынады жұрт. Қазір олар алты отбасы бірігіп екі шақырым қашықтықтағы үйден жарық алады. Ал ол жақтан тартылған тоқ сымдары жербауырлап жатыр.

Талғат Бітімбаев, Семей қаласының тұрғыны:

-Бізге айтты сметалық құжат әзірленіп жатыр деп. Ол істеліп жатқалы бес жыл болды. Недеген бітпейтін қағаз екенін ұқпадық.

Осылайша, түйіткілдің түйінін тарқата алмаған жұрт талай шендінің табалдырығын тоздырғанын айтады. Себебі мұндағы жол мен ауыз судың мәселесі де бір атан түйеге жүк боларлықтай. Сондықтан тұрғындар «судың да сұрауы бар» дегенді жақсы түсініп отыр. Яғни олар тіршілік нәрін шаһардың ішінен тасымалдап ішетіндіктен, оны артық ысырап қылмауды үйренген.

Гүлзайра Трайысбаева, Семей қаласының тұрғыны:

-Мүмкін айтатын шығарсыздар, неге өздеріңіз бұрғылап алмайсыздар деп. Жалпы бұрғылап та көрдік. 50 метрден шықты. Оған аз ақша кетпеді. Әр метріне 12 мың теңгеден төледік. Бірақ су тұзды, ішуге жарамсыз.

Ал жергілікті билік әлі де тұрғындарды тығырықтан алып шығамыз деп отыр. Айтуларынша, жарық мәселесінің сметалық құжаты әзірленіп қойған. Қазір ол сараптамаға жіберіліпті.

Ролан  Кемербаев, Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

-Енді, тиісті бөлімдер бюджеттік өтілім береді. Одан кейін, ақша бөлінсе, келесі жылы электр желілерін тарту жұмыстары басталады.

Ал жұртты жарықпен толық қамту үшін 660 млн. теңге қажет. Бұл қомақты қаржының қай қазынадан бөлінетінін шенеуніктердің өздері дөп басып айта алмады. Бірақ мұндағы жер телімдері «Нұрлы жер» бағдарламасына еңгізілген. Соның нәтижесінде, ауыз судың да тиісті құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді. Сондықтан жұртқа тумаған сиырдың уызын тағы күтуден басқа амал жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

11 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде