Шымкенттік дихандар шенеуніктердің сылбырлығынан шығынға батпақ
Оңтүстік Қазақстанда жылыжаймен айналысатын дихандар тақырға отырудың алдында тұр. Жылына екі рет өнім алатын егіншілер субсидияны да мемлекеттен жылына екі рет алуы керек. Алайда әдеттегідей наурыз бен сәуір айында толық беріліп бітетін мемлекеттік көмек көктем аяқталса да әлі жоқ. Қызанағы мен қияры, басқа да көкөністері жетіліп тұрған кезде жинап та ала алмай жатқан отандық өндірушілерге өзбектермен арадағы шекараның босаңсуы да қолбайлау болуда.
Автор: Бек Әбиев
24.05.2018
Дихандарға мемлекет тарапынан жәрдем жыл сайын әлсіреп барады дейді шаруалар. Әр көктемнің басында егіннің гектарына 800 мың мен бір жарым миллионның арасында субсидия бөлетін үкімет жаз түссе де әлі соқыр тиын бермепті. Ал шаруалар мемлекет көмегінсіз құрдымға кетеміз деп отыр.
Нұрали Шоалиев, дихан:
-Кейін ауруға қажет химикаттарымыз бар. Олар 2-3 есеге асып кеткен нарықтары. Осы магазинге барсаңыз көресіз, бұрындары арзандау еді. Қазір бұл күнде помидор-огурцы байлайтын жіп те қымбаттап кеткен бәрі. Бұрындары полиэтилен пленкаларды теплицаны жабатын 500 теңгеге алар едік, қазір олар 1 жарым мыңға дейін.
Биылғы өнім бітік шығыпты. Әр түптен орташа 5 келіге дейін қызанақ алынуы керек. Бірақ, межесінен екі есе аз теріп жатқан дихандар қызанақ құрып кете ме деп алаңдайды.
-Жылыжайларда қызанақтың пісіп жетілгеніне осымен 10-шы күн. Өнім рәсуа болмай толық жиналып бітуі үшін дихандарда тағы бір ай бар. Ол үшін қазіргі 7-8 тоннаның орнына тәулігіне 15 тоннаға дейін терілуі керек. Бірақ, дихандарға жұмыс күші жетіспейді. Ал жұмысшыларды жалдау үшін сәйкесінше қаржы жоқ.
Егіншілерге Өзбекстанмен арадағы шекараның ашылуы да қиындық тудырып тұр. Себебі кедендік декларациядан амалын тауып айналып өтетін алашапандылар арзан өніммен біздің нарықты жаулап алады екен. Тиісінше отандық өнімнің өтімі азаяды. Ал, жылыжайға қажетті көмір, жанар май, тыңайтқыштардың бағасын реттеп жатқан басшылар жоқ. Салдарынан өзіміздің егіншілер шаш етектен шығынға батады.
Нұржан Омаров, дихан:
-Қазіргі таңда 20 миллиондай қарызымыз бар. Жылыжайдан біз жаңағы қазір кеңейтіп 30 миллиондай теңгені 50 шақты рабочиіміз бар жаңағы жұмыс күші, соларға береміз. Содан артырып кеңейтіп жатқан едік. Мемлекеттің соған кішкене болса әр тиыны бізге көмек болатын еді.
Ал шенеуніктердің айтуынша, бұл мәселе аудан мен облыс аумағында емес, Астанада талқыланып жатыр екен. Атқамінерлер субсидия ел айтқандай көктемде емес, жыл сайын тек жазда біріледі дейді.
Қайрат Әуешов, Сарыағаш ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
-Жылда осындай ақырғы 10 жылда субсидия беріліп жатады. Субсидияны июннен бастап ала бастайды дихандар. Биыл да үзілді-кесілді бермейміз деп жатқан жоқ. Ұсыныс біз бергенбіз басқармаға. Жақын күндері өз шешімін табатын шығар деп сенімдіміз.
Шенеуніктерге сенсек енді егіншілерге тек төзім керек. Алайда, шаруалар жоғарыға телміріп, жәрдем күтіп отырғанда жыл он екі еңбегі еш кетуі де әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!