Астана әкімдігі қоғамдық көлік жолақысын екі еседен аса қымбаттатпақ
Астанада жолақысы қымбаттағалы жатыр. Әкімдік қоғамдық көліктердегі билет құнын 200 теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Өйткені, шаһардағы жолаушы тасымалына жауапты компания жолға кеткен шығынды ақтай алмай отыр екен. Енді шенеуніктер қала бюджетінің жыртығын жұрттың есебінен жамамақ. Жаңа тарифті тұрғындар қалай қабылдады? Астаналық тілшіміз толықтырысын.
Автор: Жәудір Оразхан
24.05.2018
Астанада жолақысы 200 теңге болуы мүмкін деген ақпаратты кейбіреулер қалжың деп қабылдап жүр. Әкімдіктегілердің жоспардағы жаңа бағасына көп адам сенбейді. Ал шенеуніктер ешқандай да әзілдесіп отырған жоқ. Бүгін Мәслихат жиынында шаһар әкімінің орынбасары тарифті өсіруге мәжбүрміз деді. Асқар Әмриннің айтуынша, егер жолақы 200 теңге болса, қоғамдық көліктерге қалалық бюджеттен бөлінетін шығын азаяды. Бұны жолаушы тасымалына жауапты компаниядағылар ғана қолдап отыр.
Бекмырза Игенбердинов, «Astana LRT» ЖШС басқарма төрағасы:
Карта бойынша төлем жасайтындарға тариф 120 теңге, ал бір реттік билетпен жүретіндерге 200 теңге болады. Осы арқылы жұртты электронды билетке көшіреміз. Қалған шығынға әкімдік субсидия бөледі. Жаңа тарифті жазда енгіземіз.
Елордадағы қоғамдық көліктерге дәл осы "Astana LRT" жауапты. Бұл компанияға қалалық бюджеттен жыл сайын 80 миллиард теңге субсидия беріледі. Мекеме жұмсалған осы ақшаны ақтай алмай отыр екен. Ал тариф 200 теңгеге өссе субсидия еселеп азаймақ. Есесіне бар ауыртпалық қара халықтың қалтасына түскелі тұр.
-Кім айтты оны, сұмдық қой. Менде қазір бір пересадка, 200 теңге күніне жұмсаймын. Өзі кішкентай зарплата аласың. Сұмдық қой, бірінші рет естіппін.
-200 теңге деген масқара баға ғой. Біздің заработкамызға қарағанда. Квартирамыз бар. Қазір мен үш автобусқа міндім. 300 теңге почти кетеді. Егер 200 теңге болса білмеймін, қалтамыз көтермейді.
Әкімдіктегілер тарифті көтеруге қатысты тағы былай деп ақталады: Астанада соңғы 6 жылда жолақысы 90 теңгеден өзгермепті. Шенеуніктердің бұған дейін ойлап тапқан «Bus километр» жобасы да жұртты дүрліктіргенін айта кетейік. Ол кезде атқамінерлер әр пәтерге 3800 теңгеден салық салайық деген. Бұған жеке көлігі бар және автобусқа мүлдем мінбейтін тұрғындар қарсы шыққаны есте. Әкімдіктегілердің бұл жолғы жоспарын Мәслихат мүшелері екі апта талқылайды. Егер депутаттар келіссе, автобустағы билет бағасы 200 теңге болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!