Қарағандыда алғаш рет төртем дүниеге келді
Қарағандыда алғаш рет төртем дүниеге келді. Олардың әке-шешесі мен дәрігерлер көз тимесін деп көпшіліктен бұл хабарды бір жарым ай бойы жасырған екен. Өйткені бармақтай боп туылған нәрестелер осы уақыт ішінде 1 келі салмақты әрең жинапты. Отағасы 3 ұл мен бір қызға ата-баларының аттарын беріпті. Бірден төрт баланың ата-анасы атанған жастар бүгін тұңғыш перзенттерін алып, бір бөлмелі пәтерлеріне аттанды.
Автор: Саят Сабдалы
25.05.2018
Дәрігерлердің айтуынша, әлемде әрбір аяғы ауыр 700 мың әйелдің бірінің ғана бойына төртем бітеді екен. Сондықтан жас ерлі-зайыптылар мұндай бақыттың бұйырғанына мың шүкір дейді. Балалардың атын отағасының өзі қойған. Вильгельм, Иоган, Готлиб және Эмма Николай Горхтың ата-балаларында болған аттар екен. Жас әке алғашында шатасқанымен, қазір балаларды бір-бірінен ажырата алады.
Николай Горх, төртемнің әкесі:
- Готлиб деген есім Құдайдың сүйіктісі деген мағынаны білдіреді. Қолдары қысқа боп туылғандықтан сондай ат қойдым. Жаратқан иеміз желеп-жебеп жүрсін деп. Бір-біріне ұқсағанымен, қазір мен үшін оларды ажырату қиынға соқпайды.
Жас ана да осы бір жарым ай бойы алаңдағанын жасырмайды. Салмақтары өте аз боп туылған нәрестелерді тек дәрігерлердің күтімі құтқарды дейді ол.
Регина Горх, төртемнің анасы:
-Менің анам – егіздің сыңары. Сондықтан алғашқы тексерілгенде егіз болады дегенде таң қалмағам. Екінші ультрадыбысты зерттеу үшем болады, кейін тіпті 4 бала бар дегенде шалқамнан түсе жаздадым. Қаншалықты қуанғаныммен, соншалықты уайым да болды менде.
Регина бекер алаңдамаған. Босандырып алардың алдында ол түгілі тәжірибелі дәрігерлердің өзі абдырап қалыпты. 10 шақты консилуим өткізіп, толғағы жақындағанда кесарь тілігін жасауға түгел қатысқан. Салмағы аз, шалажансар шақалақтарды бірден ерекше күтімге алыпты. Соның арқасында жас отбасы 3 ұл, 1 қызды аман есен перзентханадан алып шықты. Үйге барғанда бала күтіміне жақындары мен туысқандарының қол ұшын беретініне сенімді. Бір бөлмелі пәтердің тарлығы да кедергі емес дейді олар. Ең бастысы – төрт баланың амандығы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!