Елімізде 150 мыңға жуық жас түлек мектебімен қимай қоштасып жатыр
Сыңғырла, соңғы қоңырау! Бүгін елдің барлық мектебінде күміс қоңырау соғылды. Биыл 147 мыңға жуық оқушы түлеп ұшпақ. Оларды бар аймақта жергілікті билік өкілдері мен танымал тұлғалар құттықтап, шығарып салып жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
25.05.2018
Күміс қоңырау сыңғыры елдегі 150 мыңға жуық оқушы үшін соңғы рет соғылды. Енді тақта алдындағы тұрыс та, үзіліс арасындағы жүріс те жоқ. Мектеп формасын да соңғы рет киіп бүгін тастайды, бәлкім естелікке сақтайды. Қыз ұзатқандай мектептер ақ кілеммен, ақ тілекпен түлектерін шығарып салып жатыр.
Алматының өз басында ғана 9000 астам түлек мектеппен қоштасып, ересек өмірге қадам басты. Ұядан ұшқанмен көбінің көңілін қимастық сезімі кернеп тұр.
Ерасыл Бердібек, жас түлек:
- Әрине, қуанып тұрмыз. Қалай айтса болады, қоштасқың келмейді бәрібір мектеппен. 11 жыл бойы біздің еркелігімізді көтеріп, ақылын аямаған ұстаздарымызға үлкен алғыс айтамыз
Бар шаруасын ысырған Бауыржан Байбек бүгін оқушылар ортасынан табылды. Білім мен қарымын қатар сайлағандардың бағы жанып, жолы боларын айтып түлектерді жігерлендірді.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
- Мелекет тарапынан, қала тарапынан сіздер үшін, жақсы білім алу үшін бар жағдай жасалған деп мен ойлаймын. Бірақ, мектеп деген ол жақсы ғимарат. Бірақ, ең басты құндылық білімнің сапасы әрине ұстаздарға байланысты.
Оқушыларға арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сынақ алда. 20 маусым Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. 100 мыңнан астам оқушының 11 жылғы білімі сыналып, үлкен өмірге жолдама алатын сәт. Сондықтан, бүгін мейрамды тойлағанмен, ертең дайындықтарын пысықтауға қайта кіріседі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!