Шетел туристі Алматыда тап болған қиындықтары туралы айтты
Қиындықтан көз ашпадым! Швецариядан Алматыға арнайы қыдырып келген шетелдік турист әуежайға кіргелі бері түрлі кедергілерге тап болдым деп мұңын шақты. Демалатын орындарға баратын ойын-ойық жолдардан шаршаған мейман еліміздегі ішкі туризмнің тұралап тұрғанына көз жеткіздім дейді. Ал, өз қызметін шетелге саяхат жасауға ұсынатын туристік агенттіктер кемшіліктерді жою үшін уақыт керек деп қамсыз отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.05.2018
Тимати Фэс 12 жасар ұлы Ардованмен Швецариядан Алматыға арнайы ат арытып келген. Алатаудың табиғатына тамсанған шетелдік мейман түрлі қиындықтарға тап боламын деп ойламаса керек. Кеден бекетіндегі қызметкердің дөрекілігінен басталған кедергілер, саудагердің алдап-соғуы, туристік орындарға баратын ойық-ойық жолдармен ұласқан. Кемшіліктерді жіпке тізген Тимати саяхатымның сиқы кетті деп налиды.
Тимати ФЭС турист:
-Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Табиғаты керемет қалада туризм саласы дамымаған деп ойламадым. Адамдардың көбісі ағылшынша білмейді.Демалатын орындарға баратын тас жолдарда нұсқаушы белгілер мүлдем жоқ. Қызмет көрсету сапасы нашар. Барлығы қымбат. Жолды санамағанда, екі аптадада тамақты өзім жасағанның өзінде 500 еуро жұмсадым.
Жалпы, қазақ жеріне алдымен Еуропа, одан кейін Америка халқы қыдырып келуге әуес.
-Қазақстанның қай өлкесі болсын, өзіндік табиғи құндылықтарымен кез келген шетелдік туристі таң қалдыратыны сөзсіз. Мысалы, мен тұрған Үлкен Алматы көлінің өзі неге тұрарлық. Ең өкініштісі, шетелден келген мейманды құшақ жая қарсы алып, оларға сапалы қызмет көрсетуге отандық туристік компаниялардың 30 пайызы ғана қауқарлы.
Себебі, туристік агенттіктер көрікті орындар мен тарихи жәдігерлерге бай Қазақстанды туризмнің қайнаған ортасына айналдырудың орнына өз қызметтерін шетелге саяхат жасауға ұсынады. Агенттіктер бұл олқылықтың орнын толтыру үшін уақыт керектігін алға тартты. Ең алдымен, мемлекетке аяқ басатын қонақтарды алғаш болып күтіп алатын кеден бекетіндегі қызметкерлерді мәдениетті болуға үйретуден бастау керек дейді.
Әсел НҮРКЕБАЕВА Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті:
-Ұшақтан түскен шетел азаматтарын кеден бекетіндегілер өз әрекеттерімен үркітеді. Қарапайым сөйлесу мәнерін білмейді. Жылы шырай танытпайды.Мойындаймын ішкі туризмде бұдан басқа кемшіліктер өте көп. Бірақ артықшылықтарымыз да бар.Тек қолда бар байлығымызды әлемге таныту үшін мықты жарнама мен насихат ауадай қажет.
Туризм саласының мамандары тұралаған ішкі туризмның бойына қан жүгірту үшін жарнама компанияларымен тығыз жұмыс істеуді ұсынды. Ал, қызмет көрсету сапасының төмен деп бағалаған Тимати Фэс келесі жылы қыс мезгілінде келіп, шатқалы биік Шымбұлақты бағындырамын деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!