Семейде тасқыннан зардап шеккендер әкімдікке басып кірді
Семейде көктемгі тасқыннан зардап шеккен Затон және Мирный кенттерінің тұрғындары жергілікті әкімдікке баса-көктеп кірді. Олар атқамінерлерден өзедері уәде еткен қаражатты талап етуде. Айтуларынша, жұрт екі айдан бері көк тиын да көмек алмаған. Соның салдарынан, тұрғындар әлі күнге дейін көрінген босағаны жағалап жүр. Ал алғашында шенеуніктер оларға бір айға жеткізбей толық өтеп беруге ант-су ішкен еді. Әйтсе де, қар жауып із басылғанда істі сиырқұйымшақтандырып жіберген.
Автор: Ұлан Нұрахмет
29.05.2018
Бүгінде жұрттың шыдамы таусылған. Сондықтан олар құрғақ уәдемен қуырдақ қуырған жергілікті атқамінерлерді өздері іздеп келді. Себебі, наурыз айының аяғында болған тасқынға екі ай уақыт өтсе де, үйіне зақым келгендер көк тиын өтемақы көрмеген. Жұрт тіпті білдей облыс әкімі алғашында белуардан су кешкен жұртты сабырға шақыру үшін алдап соқты деп ашынды.
Серғазы Төлегентаев, Семей қаласының тұрғыны:
-Даниал Ахметов келіп бірінші күні қашып кетті. Үш күннен кейін келем, коммисся жасаймын деген болатын. Сөзінде тұрмады. Джиптың ішіне отырып алды. Артынан басын көрдік. Көшені бір айналды да, тайып тұрды.
Осылайша, жұрт облыс әкімі тұрмақ шаһар басшысы Ермак Сәлімовті тасқын басылғанан кейін көрмегендерін айтуда. Тіпті көрінген босағаны жағалап, теңтіреп жүрсек те, хәлімізді білуге де жарамады дейді.
Айтмұхан Әкімжанов, Семей қаласының тұрғыны:
-Біз өзіміз далада қаңғып жүрміз. Үйдің асты көк сасыған су. Өзім бронходан ауырдым. Балаларым далада жүр. Киім- кешек көк сасиды. Халыққа көмектеспегенде, кімге көмектеседі?
Дүрліккен тұрғындарды әкімнің орынбасары қабылдады. Оның айтуынша, қала басшысының өзі Астанаға іссапармен кеткен. Ал орынбасар қарша бораған сұрақтың астында қалды. Тіпті ол бір жауапты мың қайталаумен болды.
Николай Ушаков, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
- Мен айтып тұрмын ғой, үкіметтің Шығыс Қазақстан облысы бойынша қарастырған 1 млрд 300 млн теңгелік жобасы бар. Тағы қайталап айтайын , бүгінгі үкімет отырысында бізге қатысты шешім қабылдануы тиіс.
Жұрт арнайы коммиссияның шешіміне де разы емес. Айтуларынша, олар үйлерді тым арзанға бағалап жіберген. Ал бүлінген баспананы қайта қалпына келтіру үшін берілетін 1 млн. теңгенің түкке де жетпейді дейді. Сондықтан ашынған тұрғындар қайтадан тексеру жүргізіліп, әділ шешім қабылданбаса, дәл әкімдіктің алдында аштық жарияламақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!