Тікелей эфир: Менингитке қарсы тегін вакцина салынбайды
Еліміздің Бас санитары Жандарбек Бекшиннің айтуынша, тегін екпе енгізу үшін науқастар саны жеткіліксіз. Сондықтан ел азаматтарын өз бетінше ауруға қарсы екпе алуға шақырып отыр. Ал оның құны жиырма мыңнан асып жығылады.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.05.2018
Денсаулық сақтау министрлігі жатпай-тұрмай осы кеселден құтылудың амалын табуға бел шеше кіріскен. Мұндағы басты мәселе, науқастар уақытылы қаралмайды екен. Сол үшін Алматыға ең мықты деген эпидемиологтар мен бактериологтар тобын жіберген. Олардың міндеті ауру тасымалдаушыларын анықтауы тиіс. Министрлік өкілінің айтуынша, олар бүкіл жұқпалы дерт ауруханаларын аралап, қарқынды жұмыс істеп жатыр екен.
Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
-Бұл белсенді зертханалық әдіс деп айтуға болады. Сондықтан, осы жұмыс арқылы біз екі тасымалдаушыны анықтадық.
Былтыр аурудан 11 адам көз жұмған. Ал биылдыққа 62 адам осы дертке ұшырап, қазірдің өзінде содан 8 адам бақилық болыпты. Төртеуі Алматыда, тағы Алматы мен Оңтүстік Қазақстан облыстарында екі-екі адамнан қайтыс болған. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарына жаппай екпе салдыруға асығар емес. Өйткені, науқастар саны аз дейді Бас санитар. Жалпы елімізде жаппай екпе салдыруға жататын инфекцияның 21 түрі бар екен. Бірақ, оның ішіне менинингит кірмеген.
Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
-Елімізде иммунопрофилактика, вакцинация мәселесі көзделген жоқ. Неге десеңіз, ел бойынша осы менингит ауруының деңгейі төмен деңгейде. Мысалы, вакцинация енгізу үшін ел бойынша бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 2-ден асу керек.
Әзірге мемлекеттік және жекеменшік емханаларға осы ауруға қарсы вакцинация мөлшерін ұлғайту жөнінде тек ұсыныс жасалған. Министрлік одан артық ештеңе айта алмай отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!