Талдықорғандағы екі жарым жасар баланың ажалы менингиттен болуы мүмкін
Лезде температурасы көтеріліп, ауруханаға жеткізілген балақайды дәрігерлер құтқара алмапты. Егер менингит диагнозы екені анықталса, бұл биылдыққа осы аурудан көз жұмған тоғызыншы адам болмақ. Ал эпидемиология мамандары ораза айында мешіттерді жағалап жүр. Аурудан адам өліп жатқан менингиттің алдын алу үшін халық көп жиналатын жерлерде санитарлық жағдайды бақылауға көшкен.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.05.2018
Жыл басынан бері Алматыда 4 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында екі адам менингиттен қайтыс болған. Алматы облысында да екі адам көз жұмған. Ал кеше үшінші адам – екі жарым жасар қыз бала ауруханаға жеткізілгенімен, бір жарым сағатта шетінеп кеткен. Сондықтан, үйіндегі қалған балалар да ауруханаға жатқызылып, бақылауға алынған.
Бауыржан Сауранбаев, Өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
-11 айлық бір бөбек бар үйде, сосын 5 жасарлық бала болған. Қазір қарым-қатынаста болды деген үш адам ауруханаға жатқызылып, пемдеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Тап осы кесел елімізде былтырдың өзінде 11 адамның түбіне жеткен. Жағдай қиындап бара жатқан соң санитарлар сақтық шараларына қатты кіріскен. Мәселен, тараздық мамандар қала мен облыс аумағындағы мешіттерге кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Неили Муликова, Жамбыл облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:
-Басты назар аударатын нәрсе, адам жеке гигиеналық тазалығына қатты мән беру керек. Сонымен біре, имамдарға намаз кезінде желдеткіш жүйесінің дұрыс жұмыс істеп тұруын, ал мәдени іс-шараларды мейлінше далада өткізу керектігін айтып жатырмыз.
Осынша адам өліп, жылына 50-60 адам ауру жұқтырып жатса, неге халық арасында инфекцияға қарсы тегін екпе жүргізбеске? Дәрігерлер соған асықпайды? Ал мамандар оны былай түсіндіреді.
Жандарбек Бекшин, Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:
-Елімізде иммунопрофилактика, вакцинация мәселесі көзделген жоқ. Неге десеңіз, ел бойынша осы менингит ауруының деңгейі төмен деңгейде. Мысалы, вакцинация енгізу үшін ел бойынша бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 2-ден асу керек.
-Ақ халаттыларға салсақ, өмірмен қоштасқан жанның барлығында бір жағдай – уақытында қаралмауынан дейді. Талдықорғанда шетінеп кеткен бүлдіршін де ауруханаға түскенше біраз уақыт өтіп кеткен. Сондықтан, мамандар тамақ қышынып, бас аурып, ыстығыңыз көтерілсе, дереу дәрігерге көріну керек дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!