Елімізде менингитке қарсы неге тегін екпе салынбайды?
Менингит Астанада мендеді. 3 жарым жасар ұл бала ауыр хәлде жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Кеше ғана осы қауіпті аурудан Талдықорғанда екі жарым жасар қыз баланың көз жұмған болатын. Қайғылы жәйттардың көбеюіне қарамастан дәрігерлер инфекцияға қарсы жаппай екпе салдыруға неге құлықсыз?
Автор: Ербол Тұрымбет
30.05.2018
Кішкентай балаларға қырғидай тиген менингит астаналық үш жарым жасар баланы да ауруханаға түсірді. Дәрігерлердің айтуынша, бала ауруды Алматыдан жұқтырып келген болуы мүмкін. Өйткені, сонда бір айдан астам уақыт болып қайтқан екен. Қазір онымен байланыста болған 14 адам дәрігерлердің бақылауына алынған.
Роза Өтегенова, Астана қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Баланы аурухананың жансақтау бөліміне жатқыздық. Жағдайы тұрақты.
Тілші: Жұқтырған адамды оңдырмайтын жаман ауру еліміздің әр аймағынан қылаң беруде. Қарағандыда да 35 жастағы әйелдің осы кеселге тап болғаны анықталды.
Жақия Жәшібекова, Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бөлімінің жетекшісі:
-Бір жағдай тіркелді. Менингококтық инфекция деген дигноз қойып, емдедік. Емделіп, бүгінде ауруханадан шығып кеткен. Бірақ, біз сонда да оны бақылауда ұстап отырмыз.
Бүкіл елді тегін дәрі-дәрмекпен қамтып отырған «Фармация» бұл мәселеден басын алып қашып отыр. Өйткені, елімізге вакцинаның 6700 дозасы әкелінгенімен, ол тегін медициналық қызмет тізіміне кірмейді. Ал өз бетінше инфекцияға қарсы ақылы екпе алғысы келетіндер шамамен 20 мың теңге төлеуі тиіс.
Берік Шәріп, «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
-Бұл вакцинацияны жергілікті билік өзі сатып алады немесе азаматтар өз қаражатымен екпе салдырады. Бірыңғай дистрибьютор арқылы біз алдырмағандықтан, оның бағасын да нақты айта алмаймыз.
Дәрігерлердің бар айтары, сырқаттың қандай да бір белгісі пайда болғаннан-ақ емханаға жүгіру керек дейді. Қауіпті дерттің басты белгілері: бастың ауруы, құсу, температура лезде көтеріліп кетеді.
-Былтыр осы аурудан 11 адам қайтыс болса, биылдыққа 8 адам өмірімен қош айтысыпты. Адам өлімі жиілеген Алматы қаласы болып отыр. Бақилық болғандардың төртеуі сол жақтан. Ал санитар-дәрігерлер сақтық шараларын күшейткен. Әсіресе, жұрт көп жиналатын жабық ғимараттар тексеруге алынған. Ал тұрғындарына ондай жерлерде медициналық бетперде тағып жүру артықтық етпейтінін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!