Үлкен Алматы айналма тас жолының құрылысы кептелістен құтқара ма?
Бүгін бір топ шенеунік салтанатты түрде құрылыстың алғашқы қазығын қақты.
31.05.2018
Құрылысқа қажетті құжаттарға жақында ғана қол қойылып, шетелдік инвесторлармен келісімдер жасалған. Енді айналма жолды түрік-корей консорциумы салмақ. Ұзындығы 66 шақырымға созылатын тас жол бетоннан құйылмақ. Ол Алматының солтүстік аумағын түгел айналып өтіп, Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай аудандарын басып өтеді. Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын автокөлік дәлізімен жүретін қозғалысқа дем береді деп күтілуде. Мердігер компаниялар жалпы құны 180 миллиард теңгеге бағаланған айналма жол 15 жылдан кейін өз шығынын толық ақтайтынына сенімді. Себебі, бір рет жүріп өткеннің бастапқы құны жеңіл автокөліктер үшін 200 теңге, ал жүк көліктеріне 280 теңге болады. Айта кетейік, 2009 жылы қолға алынған бұл жобаның құрылысы түрлі кедергілерге байланысты кешеуілдеп келді. Ең алдымен, құрылыс жүретін аумақтардағы 721 жер телімі мен жеке үйлерді және өндірістік нысандарды мемлекет меншігіне қайтару ұзаққа созылған-ды. Жырға айналған жол енді транзиттік көлік санын қысқартып, экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беруі мүмкін.
Асқар МАМИН ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
-Осы жоба Алматы қаласының және Алматы облысының көлік жүйесінің дамуына ықпал етеді. Серпін береді. Жол Төрт жылдың ішінде салынып, пайдалануға беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!