Алматыда базарда жұмыс істеген жігіттің менингитке шалдыққаны белгілі болды
Аз уақытта менингококк инфекциясын 54 адам жұқтырып, 8 науқастың өлуі эпидемия басталды деген сөз емес. Қауіпті ауруға шалдыққандар санын өткен жылдармен салыстырған Денсаулық сақтау министрлігіндегілер жұртты дүрлікпеуге шақырады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
31.05.2018
Роза Қожапова, Қоғамдық денсаулықты қорғау комитеті басқармасының басшысы:
-Ауруды 54 адам жұқтырған. Бұл соншалықты жоғары көрсеткіш емес. Эпидемия деп айтуға келмейді. Жағдай қатты ушыққан жоқ. Дегенмен, аз уақыт ішінде бір ғана аймақтағы науқастар санының көбеюі бізді алаңдатады.
Ведомства өкілінің менингитті жаппай жайлаған індетке жатқызбауына ескі статистика себеп. 3 жыл бұрын елімізде ми ауруына 400-ден аса адам, 2016 жылы 120 адам шалдығыпты. Оның қасында 54 науқастың тіркелуі аса қауіпті жағдай емес-мыс. Жұқпалы кеселдің өршігені жайлы 10 шақты күн бұрын оңтүстік астанада айтыла бастаған еді. Тіпті, менингиттен көз жұмғандар анықталып, марқұмдар қатары уақыт өткен сайын жиілей түсті. «Ауруын жасырған өледі» деген осы болса керек. Себебі, менингококтық инфекция сәуірден бастап тараған екен. Әрі сол кезде-ақ Алматы облысының бір тұрғыны осы дерттен көз жұмған. Менингиттің алғашқы құрбаны болған 22 жастағы жігіттің қазасы жайлы ақпарат бүгін ғана белгілі болып отыр. Марқұммен жақын қарым-қатынаста болған 5 адам дереу бақылауға алыныпты. Әйтеуір, олар сау болып шыққан. Десе де, марқұм жігіт базарда жұмыс істеген. Сондықтан, инфекцияны жұқтырған өзге де адамдар болуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!