Саяси қуғын сүргінге билік неге саяси баға бермей отыр?
Кеңестік жүйенің қазаққа жасаған қысастығы ұлтты жоюға бағытталған геноцид. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналғандар, зұлмат жылдардың тауқыметін осылай бедерледі. Алайда, тарихшы мамандар қазақты қынадай қырған қызыл террорға саяси баға беруге қазіргі билік солқылдақтық танытатынын айтады. Сондай-ақ, олар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық қасіретін бір-бірімен қабаттастырмай, ұлттық аза тұту күні жариялануы тиіс дейді.
Автор: Мақсат Мәлік
31.05.2018
Азалы әуеннің ырғағымен мүлгіген Жаңалық ауылы талай қасерітті ішіне бүгіп жатыр. Бір анығы, мұнда репрессия жылдарында НКВД жендеттерінің қолынан ажал құшқан 4 мыңнан астам адам оңды-солды көмілген. Бірақ, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде маңайы абыр-сабырға айналатын мемориалдық кешен, қалған уақытта иесіз қалғандай күй кешетін. Биыл сол олқылықтың орны толып, жанынан музей құрылысы бастылыпты.
Бейбіт Қойшыбаев, жазушы-тарихшы:
-Міне, іргесі көтеріліп қалды. Биыл күзде амандық болса ашылады деп отырмыз. Сонда репрессия тарихы, ашарлық құрбандарының тарихы қозғалады деп есептеп отырмыз. Республика бойынша көрсетеді, әрі Алматы облысына көбірек орын береді.
Қаралы күнде алматылықтар да ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, гүл шоқтарын қойды. Алаш арыстарының суретін ұстаған жастар, зұлмат жылдардағы естелікке үнсіз құлақ түрді. Ал, Ақтөбеде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Бұған дейін қаладан 15 шақырымдай жердегі Түйе төбеге жиналып жүрген ақтөбеліктер, бұл күнді көптен бері күткен болатын.
Тарихқа үңілсек, большевиктердің қазаққа деген қысастығында шек жоқ. Өткен ғасырдың 20-шы және 30-шы жылдары қолдан ұйымдастырылған аштықтан 4 миллионнан астам қазақ қырылып, сүйегі сай-салада шашылып қалды. Репрессия жылдарында 25 мыңға жуық боздақ сұраусыз оққа байланды. Ал, зобалаң жылдарды геноцидке теңеген саясаттанушы Айдос Сарым, оған билік тарапынан саяси баға берілуі тиіс дейді. Бірақ...
Айдос Сарым, саясаттанушы:
-Билік егер бұл мәселені қозғайтын болса, Ресеймен ара-қатынас бұзылады. Ел ішіндегі өзге ұлт өкілдері ренші білдіреді дегеннен туындаған қорқыныш-үрейі бар. Бірақ, дұрысы түсіндіретін болсақ, бұл аштықтан Ресейде де аз адам өлген жоқ.
Нағашыбай Есмұрза, тарихшы:
-Бүгінгі күнді ресми түрде саяси және ашаршылық құрбандарын еске алу күні дейді. Бүгін еске алу емес, ұлттық аза тұту күні болу керек. Біз жай еске алу күні деген болмайды. Екіншіден, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін екеуін бөлуіміз керек.
Ең қиыны, кеңестік жүйе халықты аштан қатырып, арыстарды атып қана қоймай, артынан ерген ұрпағын тоз-тозын шығарып, қаңғытып жіберді. Ал, сол зұлматтан аман қалған Ілияс Жансүгіровтің ұлы, қазір 90-ға таяған Саяттың әкеге деген сағынышы, бүтін бір ұлттың мұң-зарындай естіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!