Назарбаев жер бөлуді жемқорлыққа айналдырған әкімдерге соңғы ескерту жасады
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерге қатаң ескерту жасады! Бүгін «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесін өткізіп жатқан Елбасы шағын және орта бизнесті дамытуды шенеуніктердің өздері тежеп жүргенін айтты. Кәсіпкерлерді артынан жүгіртіп, пара талап ететін әкімдердің ешбірін аямаймыз дейді президент.
Автор: Досжан Маратұлы
01.06.2018
-Президент ешкімнің атын атап, түсін түстеген жоқ. Бірақ, әркімнің немен айналысып жүргенін жақсы білетінін айтты.
Сондықтан «Нұр Отанның» кезекті саяси кеңесін өткізіп жатқан партия төрағасы, шенеуніктерге әр қадамын аңдап басуды ескертті. Жалпы, еліміздің ең ықпалды ұйымына мүше саяси элита мен аймақтағы партия өкілдері бүгін бас қалаға тегіс жиналған. Сөйтіп, кеңес барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, міндеттерді айқындап жатыр. Басты мәселе, «Нұр Отанның» жұмысын жетілдіру. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру. Осы жерде президент шағын және орта бизнес жайлы сөз қозғады. Айтуынша, жер-жердегі әкімдер, бизнесмендерге жер беріп, қолдаудың орнына артынан жүгіртіп қоюды әдетке айналдырған.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Әрқайсысы шенеуніктің артынан жүреді. Ал, ол кәсіпкердің келгенін жақсы көреді. Ол бекер келмейді. Барлық бәле сол жерде. Біреу бірдемеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Сол жаңағы жемқорлықпен күрестің негізгі мәселесі. Шенеунік пен іс адамының тікелей қатынастан ажырату керек. Барлық әкімге айтатыным осы.
Жемқорлық әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда дендеп тұр. Мұнда тіпті, мектепке еден жуушы болып жұмысқа тұру үшін ауызбастырық беру керек дейді президент. Айтуынша, қолында барлық нақты мәліметтері бар. Бұдан бөлек, саяси күш халықтың жаршысына айналуы тиіс. Жұртпен етене жұмыс істеп, барлық мемлекеттік маңызды бастамаларды түсіндіруі керек. Сондай-ақ, Елбасы әрі «Нұр Отанның» төрағасы кәсіппен айналысып, табысты болудың құпиясымен бөлісті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!