Таразда сәбиді ұрған тәрбиешінің әрекеті камераға түсіп қалды
Таразда жекеменшік балабақша тәрбиешісі көмекшісінің сәбиге қол жұмсауы үлкен дау туғызды. Кішкентай Аяжанның анасы мектепке дейінгі мекеме қызметкері қызымды ұрды деп айыптаса, кінәлі деген әйел оған тиіскен жоқпын деп бетбақтырар емес.
29.05.2018
Тамақтанып отырған бүлдіршіндердің бірін бала бағушының бірнеше рет шапалақпен салып жіберіп әрі оны ары-бері жұлқылағаны анық байқалады. Бұл көріністі ата-ананың бірі түсіріп алып, әлеуметтік желіге таратып жіберген. Онда пікір жазғандар, әрине, бөбекжай қызметкерін жерден алып, жерге салды. Ал мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі бізге телефон арқылы хабарлағандай, 2 жасқа енді толатын Аяжанның денесіне қатты зақым келмеген. Ол анасынан кешірім сұрап, тәрбиешіні бірден қызметінен босатқанын айтты. Алайда қыздың шешесі бұған қанағаттанбайтын тәрізді. Ол перзентіне қол көтерген балабақша қызметкерін заң алдында жауапқа тартқызатынын мәлімдеді.
Адина Мырқалықова, Аяжанның анасы:
Қызымды 3-4 рет басына қатты ұрды. Одан кейін қызымның беті көгеріп тұр. Шымшыған ба, тістеген бе, білмеймін. Қызым күнделікті жылайды, мазасызданады. Азанда жылайды. Бұрын тыныш жүретін бала.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!