Петропавлда жүкті келіншектер төбесінен су тамшылап тұрған палатада жатыр
Теріскей өңірде толассыз жауған жауынға қаладағы ең ірі әрі ескі ауруханалардың біріндегі шатыр төтеп бере алмапты. Елу жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген шатырды жөндеуге тек биыл ғана қаржы бөлініпті. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан бұл жұмыс кешеуілдеп жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
29.05.2018
Мына кадрларды сол палаталарда жатқан жүкті келіншектердің өздері түсіріпті. Дым тартқан иіс пен сыздан сырқат тапсақ, құрсағымыздағы нәрестелеріміз де ауру болып туыла ма деп алаңдайды олар. Бұл – Петропавлдың ең көне ауруханаларының бірі. Мұнда қаланың жүкті келіншектері емделеді. Қазір 30 орынға шақталған бөлімше лық толып тұр.
-Елу жыл бұрын салынған ғимарат осы уақыт ішінде еш күрделі жөндеу көрмепті. Жылда мекеме төбесіне қара қағаз төсеп, битум құйып отырамыз дейді дәрігерлер. Алайда көктемде еритін қар мен соңғы күндері толассыз жауған жауын оны демде жарамсыз етіп тастайды екен.
Аурухана төбесінің жайынан облыстық денсаулық сақтау басқармасы де құлағдар. Алайда жарты ғасыр жөнделмеген шатырға қажетті қаржыны олар тек биыл ғана бөліпті.
Ержан Әбуғалиев, Петропавл қалалық №3 ауруханасының бас дәрігері:
-Осы аптадан бастап құрылысшылар төбені қайта жабуға кіріседі. Жаңа шатырдың пішіні де өзгермек. Бұл шаруаға 17 миллион теңге бөлініп, байқау жарияланған еді. Мердігер анықталды, құрылысшылар сақадай сай тұр.
Алайда бас дәрігердің бұл жоспарының жуық арада іске асады дегеніне сену қиын. Өңірдегі тоқтаусыз жаңбыр құрылысшыларға қимылдауға да мұрша бермей отыр. Амалдары таусылған ақ халаттылар сыз тартқан палатадағы келіншектерді үйлеріне емделуге жіберуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!