Талдықорғанда менингиттен көз жұмған студент ораза ұстаған
Менингит бүгінгінің басты мәселесіне айналған. Тіпті Үкіметтің кезекті отырысы да осы кесел жайынан басталды. Соңғы дерекке жүгінсек, науқастар саны ел бойынша 600-ге жуықтаған. Түрлі өңірлерде өлім-жітім дерегі тіркелді. Талдықорғанда осы дерттен көз жұмған медицина колледжінің 17 жастағы студенті ауырардың алдында нөсер жаңбырдың астында қалған екен. Сондай-ақ ажал құшқан жігіттің ауызы берік болған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.05.2018
Таныстарының айтуынша, ораза кезінде әлсіреп жүргені байқалған. Қазір колледжді карантинге жапты. Ал, марқұммен бір бөлмеде жатқан студентті қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына тексеріске алып кетті. Қалған 99 студентке маскамен жүруге кеңес берілді. Алматының бас имамы да арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Денсаулығын ескере отырып, қажеттілік туындаған жағдайда оразасын үзіп, кейінірек өтеуге құранда рұқсат берілгенін, сондықтан сақ болу керектігін жеткізді. Айта кетейік, менингококтық инфекциядан көз жұмған 13 адамның үшеуі ораза ұстаған көрінеді.
Серік Жансегіров, медицина колледжінің директоры:
-Ол күн сайын кешке ауызашарға баратын. Ораза кезінде денсаулығы әлсіреді. Мен студенттердің бәріне мүмкін ораза ұстамай-ақ қоярсыңдар деп айтамын. Оның үстіне сессия жүріп жатыр. Колледжде арнайы фильтрлар қойдық. Біреудің температурасы көтерілсе бірден ауруханаға жібереміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!